Атырау облысында карьерді демалыс орнына айналдырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында карьерді демалыс орнына айналдырмақ

22.08.2025

Атырау облысындағы Индер ауданының туристік әлеуеті зор. Бұл аймақ пайдалы қазбаларға бай. Индер көлінің жағасындағы төбешіктердің асты тұзға толы. Сол маңдағы минералды су көздерін жергілікті тұрғындар емдік мақсатта пайдаланып келеді. Ал кезінде өндіріске пайдаланылған карьерлерге тұрғындар демалу үшін жиі келеді. Бірақ мұнда жанға жайлы жағдай жасалмаған.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Өткен ғасырдың 70 жылдары дүркіреп тұрған болат өндірісіне пайдалынылған бұл карьерді тұрғындар демалыс орнына айналдырып алған. Әдетте бұл жер көліктерге лық толы боп тұратын. Бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты санаулы ғана келушілер бар екен.

Индер көліне алыстан ат терлетіп арнайы келетіндер көп, әсіресе жастардың қызығушылығы басым. Тау-тасқа өрмелеп, көлге секіріп, оның тұп-тұнық мөлдір суына сүңгу бір ғажап дейді жұрт. Ащы су айдынның түбіне батырмайды, су бетінде қалқып тұрасың, жүзуге де жеңіл. Әсіресе жүзуді енді үйренетін жандарға таптырмас орын.

Бағыт Данияр, демалушы:

Қарапайым жағдай болса, отыратын орындық, көлеңке деген сияқты. Комфорт жағы төмен. Арттарынан қоқыс тастап кеткен. Солардың бәрі жиналса, реттелсе, жыл сайын Ақтауға емес, бәрі Индерге келетін шығар.

Ең сорақысы демалуға келгендер арнайы орын бола тұра, қоқыстарды шашып кетеді. Әкімдіктегілер әр апта сайын мұнда «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарын жіберіп, аумақты күтіп ұстауға тырысады. Ауданның туристік әлеуетін көтеру мақсатында қыркүйек айында мұнда республикалық триатлоннан жарыс өтпекші. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін спортшылар жүгіруден, веложарыс және жүзуден өзара сынға түседі. Мақсат – табиғаттың берген тамаша сыйын көпшілікке таныту дейді ұйымдастырушылар.

Артур Мурзин, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

Осы локацияны бүкіл Қазақстан көреді деген сияқты. Бір жағынан инвестиция тартудың, туризмді дамытудың алғышарттары боп табылатынына сенімім мол.

Жуырда бұл аумақ жергілікті кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілмек. Ол әрі қарай карьерді толық абаттандыруы тиіс. Биылға шомылу маусымы аяқталды. Көпшілік келесі жылы карьер орнында жанға жайлы заманауи демалыс аймағының салынғанын қалайды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу