Халықаралық «Silk Way Star» байқауының 12 қатысушысы түгел Астанаға келді. Жаһан таланттарының басын қосқан ауқымды жоба елордада түсіріледі. Сонымен бұрын-соңды болмаған бұл конкурсқа қай мемлекеттің өкілдері қатысады? Қатысушылар не дейді?
Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Грузия, Армения, Түрікменстан және Өзбекстан мен Әзербайжан. 12 мемлекеттің өнерпаздары байқау басталғанға дейін күн сайын кәсіби бэндпен, хореограф, вокалист мамандармен дайындалады. Ауқымды шоуға қатысу үшін өнерпаздар басқа жоспаларының бәрін ысырып қойған.
Тамга, «Silk Way Star» байқауына қатысушы (Қырғызстан):
Мені байқауға қатысуға шақырған кезде жоспарларым бар деп қашқақтай бастадым. Себебі менің миым мынадай ауқымдағы байқауды қабылдай алмады. Әрі оқуымды бірнеше айға тоқтата тұруға тура келеді. Бірақ кейін өзімнің миыма сілкініс жасадым. Өйткені мынадай ауқымды, халықаралық деңгейдегі байқауға қатысу мүмкіндігін жіберіп алғым келмедім. Жаңа мәдениетпен, жаңа өнер адамдарымен танысу сияқты шығармашылықтың толқыны өзіне тартып кетеді екен.
Белгілісі қатысушылар қазақ тілінде де ән шырқайды. Осылайша Қазақстанның рухани қазынасы ұлықталып, екінші жағынан түрлі ұлт мәдениеттері тоғысады.
Довран Шаммыев, «Silk Way Star» байқауына қатысушы (Түрікменстан):
Байқауда қатысушылар әртүрлі тілде, әртүрлі жанрда ән шырқайды. Мен бірнеше тілде ән айтып көрмекпін. Түрікмен халық әні де, авторлық туындым да, әлемдік хиттер де шырқалады. Сондай-ақ байқау Қазақстанда өтіп жатқандықтан, қазақ халқының әнін орындаймын. «Самалтау» әнін түрікмен тілінде және бір әнді қазақ тілінде шырқаймын.
Күн жоспарының тығыздығына қарамастан, қатысушылардың көңіл күйі көтеріңкі. Олар елорданың қонақжайлығын атап өтіп, бос уақыт табылса, Астананың көрікті жерлерімен танысуды жоспарлап отыр. Тіпті шығармашылық байланысқа да дайын.
Фахриддин Хакимов, «Silk Way Star» байқауына қатысушы (Тәжікстан):
Мүмкін, мен сіздердің, яғни қазақстандық қатысушы Әлеммен бірігіп, ән жазатын шығармыз. Осы байқау арқылы достасып кетіп, ортақ керемет туынды шығып қалуы да мүмкін ғой. Әрине мұның барлығы тек менің ойым ғана. Бірақ егер солай бола қалса, Қазақстан мен Тәжікстанның достығы туралы, осы бір екі керемет елдің мәдениеттері туралы бір ән туып қалуы ғажап емес.
«Silk Way Star» музыкалық жобасының түсірілімі 26 тамызда басталмақ. Музыкалық шоудың егжей-тегжейін ұйымдастырушылар құпия сақтап отыр. Сонысымен де бұл байқау көрерменді ынтық қылады деген жоспар бар.
Елдос Есенбол
