Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ пен қырғыздың өзара құрметі ешқашан үзілген емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ пен қырғыздың өзара құрметі ешқашан үзілген емес

22.08.2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ынтымағын арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғызстан Президентіне «Алтын қыран» орденін табыстады. Ресми сапар кезінде Мемлекет басшысы бірқатар келіссөздер өткізіп, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы Бішкек қаласынан тікелей эфирге қосылуға дайын тұр. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Президент Қырғыз Республикасына ресми сапарын «Ата бейт» ұлттық тарихи мемориалдық кешеніне зиярат етуден бастап, 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Мұнда Отанына қалтықсыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репресия құрбандары, қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматов жерленген. Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің рухына арнайы Құран бағыштады. Одан соң «Ынтымсақ ордо» резиденциясында Президентті ресми күтіп алу рәсімі өтті. Ал шағын құрамдағы келіссөздер кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев шақырғаны үшін Қырғыз президентіне алғыс айтып, сапардың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Одан соң Президент Қазақстан мен Қырғызстанның жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысты. Былтыр екі елдің сауда айналымы 1,7 млрд доллар болған. Жиын кезінде оны 3 млрд долларға дейін жеткізу туралы жол картасына қол қойылды.
Бүгін қол жеткізіліген келісімдер құжатпен бекітіліп, мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасындағы бауырластық байланысты бекемдеуге қосқан елеулі үлесі үшін Садыр Жапаровты еліміздің ең үлкен мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Лидерлер БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасап, атқарылған, қолға алынған және жоспардағы ауқымды шаруалар туралы баяндады. Сондай-ақ бүгін тағы бірнеше мәдени шара жоспарланған. Оларды алдағы шығарылымдарда жеткіземін.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу