Құрсақтағы 96 нәрестеге операция жасалды. Бұл еліміздің медицинасына жаңадан енгізілген әдіс. «Феталды медицина» деп аталады. Дәрігерлер былтырдан осы әдісті қолдана бастады. Яғни, құрсақтағы нәрестенің денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, ота жасалады. Осындай жаңа операция түрлері мен технологияларды енгізу нәтижесінде ана мен бала өлімі рекорттық деңгейде төмендеген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаудағы тапсырмасына сәйкес, ана мен бала саулығын арттыруда тағы қандай жаңашылдықтар енгізілуде?
Биыл елімізде 200 мыңнан астам нәресте дүниеге келді. Босанған аналардың ішіндегі ең үлкені - 56 жаста.
Гүлнұр Нұрғалиева, Ана мен бала орталығының акушер-гинекологі:
Біздің дәрігерлеріміздің бірі осы орталықта жұмыс істейді, ол 56 жасында бала туды. Бұрын жүктілікті есепке алу 12 аптаға дейін жүргізілсе, қазір 10 аптаға дейін тіркелу қажет. Себебі әйелдің денсаулығын жан-жақты тексеріп үлгеру маңызды.
Биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Әйелдер 12 түрлі зерттеуден тегін өтеді. Дүниеге дені сау ұрпақ әкелуді мақсат еткен бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен 5 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.
Шалғайдағы жүкті әйелдер де басты назарда. Қауіп болса емдеп, асқынған босанудан кейінгі кезеңде оңалтуға арналған «Салауатты Ана» пансионаттары ашылуда. Қазір Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында бар. Алдағы уақытта өзге өңірлерде де ашылады. Денсаулығынан кінәрат табылған құрсақтағы 100-ге жуық нәрестеге операция жасалды. Жаңа әдісті дәрігерлер былтырдан бастап тәжірибеге енгізді.
Майра Бейсен, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы:
Елімізде алғаш рет «Феталды медицина» атты жоғары инновациялық технология енгізілді. Соның аясында жатырішілік 71 операция жасалып, 96 нәрестенің өмірі сақталды. Бұл – бала дүниеге келмей тұрып, құрсақішінде жасалатын күрделі жоғары технологиялық операциялар. Тәуелсіздіктің 30 жылында алғаш рет ана мен нәресте өлімі 6 есеге төмендеп, тарихи ең төмен көрсеткішке жетті. Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, ана мен бала денсаулығы басты назарда.
Денсаулық сақтау министрлігі 18 облыстық перинаталдық орталық пен 15 облыстық балалар ауруханасын жаңғырту бойынша жоспар бекітті. Нәтижесінде медициналық ұйымдар 100% аккредитациядан өтеді. Жаңа бөлімдер ашылады.
Самал Қабышева, тілші:
Ана мен бала саулығын сақтауда санитарлық авиацианың да айтарлықтай рөлі басым. Мәселен, биыл 1600-ге жуық жүкті әйел мен балаға санитарлық авиациа жедел жетіп, медициналық көмек көрсетілген. Бұдан бөлек, 2000-ға жуық ана мен балаға қашықтан яғни, онлайн түрде кеңес беріліп, мамандар денсаулыққа төнген қауіптің алдын алған.
Самал Қабышева
