Ауыл әкімдерінің жұмысы: Сайлаудан кейінгі үш жыл
Қазақстанда ауыл әкімдерін халық өзі сайлай басталғалы үш жылдан асты. Бұл – билік пен қоғам арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтерген қадам. Конституцияға енгізілген оң өзгерістің бірі осы. Астана іргесіндегі Тайтөбе ауылының жұртшылығы осы жолмен ауыл әкімін өздері таңдаған. Халық сенім білдірген әкім қандай жұмыс атқарды? Ауыл халқы не дейді?
Осылайша Парасат Досмағамбетовтың Тайтөбе ауылының әкімі болғанына үш жылдан асқан. Халық сайлаған басшы жұмысқа кіріскелі бері ауылға су тартылып, интернет желісі жеткен.
Парасат Досмағамбетов, Тайтөбе ауылдық округінің әкімі:
Былтыр аяқталмаған жолдар бар, жалпы 12 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Газбен жабдықтау бойынша биыл конкурс өтіп, мердігер анықталды. Құны шамамен 1 миллиард 700 миллион болатын жұмыстар мамыр айында басталып, толық аяқталуы 2027 жылдың мамыр айына жоспарланған.
Округ әкімі: жергілікті халық өзі таңдаған соң жауапкершілік еселене түседі дейді.
Парасат Досмағамбетов, Тайтөбе ауылдық округінің әкімі:
Өз басым айтайын, біз 4 жылға сайланғанбыз, енді жарты жылдай ғана уақыт қалды. Артымда жақсы із қалсын деп еңбек етіп жүрмін.
Тайтөбеге толықтай жарық тартылып, балалар ойын алаңы мен осындай демалыс аллеялары да салынған. Сондағы ауыл тұрғындарын да сөзге тарттық.
Әлима Құттымбетова, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
Он жыл бұрын көшіп келген кезде балаларым көліктерін грейдердің қасында қалдырып, сазды жерден аяқтарына целлофан орап, әрең үйге жететін. Қазір енді асфальтымыз бар.
Жандос Өтегенов, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
Бұрын 70–80 үй едік, қазір он есе өсіп, 800 үйге жеттік. Қазақта «Ел кетсе – жұт, ел келсе – құт» деген сөз бар ғой.
Бас қаланың іргесінде әрі тіршілікке қолайлы болғаннан кейін Тайтөбеге көшіп келушілер көп. Ресми 4000 болғанымен негізі тұрғын саны 7 мыңнан асады. Сондықтан электр қуаты жетпей қалатын кездер де болады. Одан бөлек.
Жандос Өтегенов, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
Мектептің сыйымдылығы небәрі 300 орындық, ал қазір онда 700-ден астам бала оқып жатыр. Сол мәселе шешілсе дейміз.
Тайтөбе секілді ауылдардың тәжірибесі, жергілікті халықтың да өз мойнына жауапкершілік алуға дайын екенін көрсетті дейді сарапшылар.
Қазбек Майгелді, саясаттанушы:
Билік пен қоғам аралассын, қоғамның билік шешімдеріне қатысу мүмкіндігі артсын деген мақсат қойылды. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау – халықтың жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау үрдістеріне қатысуына жол ашады. Ауыл әкімдерін тікелей сайлағаннан кейін «Фридом Хаус» халықаралық ұйымы Қазақстанның демократиялық даму жөніндегі рейтингін көтерді.
Бұл Қазақстандағы демократиялық институттардың жалаң сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жұмыс істеп жатқанын көрсеткендей.
Елдос Есенбол
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
