Бішкекте қырғыз-қазақ жастарының форумы өтті
Бішкекте қырғыз-қазақ жастарының үшінші форумы өтті. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында өткен іс-шараның бірі. Форумда «Шоқан Уәлиханов. Тарихтың жарық жұлдызы» атты тарихи фильм көпшілік назарына ұсынылды.
Биылғы форум қазақтан шыққан шығыстанушы, ғалым, этнограф, ағартушы Шоқан Уәлихановқа арналды. Тума талант иесінің туғанына 190 жыл толуына орай оның ғылымға қосқан үлесі, қазақ-қырғыз мәдениеті мен тарихы туралы зерттеулері көпшілікке тұтас фильм ретінде көрсетілді. Бұл тарих пен бүгінгі ұрпақтың ажырмас байланысын білдіреді, - дейді, жиын қатысушылары.
Марат Иманқұлов, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы:
Қырғызстан мен Қазақстан тарихына Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сынды тұлғалар мол мұра қалдырып, екі елдің бірлігі мен бауырмалдығының тұтқасын берік ұстап, мәдени-рухани дәстүрлердің сақталуына дәнекер бола білді. Олар жүріп өткен сара жол қазіргі жастардың бағытынан жаңылмауына бағдар болар шамшырақ іспетті.
Шоқан Уәлиханов туралы тарихи фильмнің авторлары қырғыз елінің продюсерлері. Көпшілікке «Қос қанат» деген атпен белгілі ұйымдастырушылар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени байланысты тереңдетуге қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ сыйлығымен марапатталған. Жалпы мұндай шаралардың екі ел үшін маңызды екенін Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ерекше атап өтіп, бірлескен жобалар қос халықтың терең тарихын түсінуге жол ашатынын айтты. Сондай-ақ қырғыз халқының жыр-жауһарына айналған «Манас» эпосының тарихи мәніне тоқталып, құнды еңбекті Шоқан Уәлиханов алғаш ақ қағаз бетіне түсіріп және сол нұсқа бүгінге дейін жеткенін әңгімеледі.
Марат Тагаев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары:
Жастар форумының тарихы 3 жыл бұрын Қырғызстан мен Қазақстан парламенттері жастарының кездесуінен басталған болатын. Мінекей, үшінші рет біз сіздермен тағы да Бішкекте жүздесіп отырмыз. Былтыр Қырғызстан президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында осы жастарымыз Астанадағы Айкөл Манас батыр ескерткішінің ашылу рәсімінде қарсы алған болатын.
Форум аясында екі елдің Мәдениет министрлері Аида Балаева мен Мейрбек Мәмбеталиев кездесу өткізіп, алдағы уақытта өткізілетін екі елдің қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған мәдени іс-шаралар жайын талқылады. Концерт, көрме, театр, кинофестиваль бағытындағы бірлескен жобалар алдағы екі жыл ішінде өтуге тиіс. Оны ертең екі елдің мәдениет министрлері мемлекеттер басшыларының кездесуі барысында арнайы құжатпен бекітеді деп жоспарланған.
Данияр Қайыртай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
