Атырауда жасөспірімді қайыр сұрауға мәжбүрлеген
Атырауда анасы кәмелетке толмаған баласын қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Оған темекі мен тамақ тауып әкел деп үйге кіргізбей зәбір көрсеткен. Әлеуметтік желіде тараған суретте баланың астына қағаз жайып, көшеде ұйықтап жатқанын анық көруге болады. Онымен бірге отбасында 3 жасар қыз да бар. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, балалардың анасы ішімдік ішеді. Пәтерге бейтаныс адамдар мас күйінде келіп, балалар үнемі қараусыз қалады. Қазіргі кезде 14 жастағы ер бала бейімдеу орталығына, ал 3 жастағы қыз сәбилер үйіне орналастырылған. Мамандардың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын дәл осындай жағдай болып, балалар бейімдеу орталығына жіберілген. Кейін анасы кері алып кеткен.
Құндыз Ғиниятова, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы:
Ең бірінші біздер психологиялық көмек көрсетеміз. Психолог баламен жеке жұмыс жасады. Кеше де, бүгін де жұмыс жалғасып жатыр.
Мейірім Ердәулет, ПД баспасөз хатшысы:
Балаларының тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-анаға қатысты қазіргі таңда іс-құжаттар жинақталуда. Жинақталған құжаттар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға ұсынылатын болады.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
