Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында «Білім келешегі: Адал азамат – кәсіби маман» атты дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиынға ұстаздар мен халықаралық сарапшылар қатысты. Шарада үздік мұғалімдерге «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі мен алғыс хаттар табысталды.
Ұлағатты ұстаз – ұлттың ұлы тұлғасын тәрбиелейтін, болашаққа жол сілтейтін ғибратты тұлға. Тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды өскелең ұрпақтың білім мен тәрбиеге деген көзқарасы ең әуелі мұғалімге деген құрметтен басталатынын жеткізді.
Маржан Сансызбаева, №168 мектеп-гимназиясының мұғалімі:
Бүгінгі күн біз үшін ерекше, оқу ісінің үздік маманы ретінде медаль алып жатырмын. Барлық мұғалімнің төсбелгісі жарқырап тұрса деген ойым бар.
Конференция аясында оқу орындарының озық жобалары ұсынылған инновациялық көрме де ұйымдастырылды.
Ләззат Дурумова, Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің оқытушысы:
Табиғи ашытқы негізінде нан-тоқаш өнімдерін дайындау, жеуге жарамды ыдыстар арқылы тағамдарды тарату, «YsyrApp» мобильді қосымшасы, бұлардың барлығы – студенттердің идеясы.
Ал «Алматыкітап» баспасы еліміздегі алғашқы цифрлық білім беру жүйесіндегі озық әлеуметтік жобаны таныстырды. Бағдарлама аясында мың мектепке соңғы үлгідегі заманауи станциялар орнатылмақ.
Әсима Рысқұлбекова, «Алматыкітап» баспасының вице-президенті:
Бұл әлеуметтік жоба негізінен ауыл мектептерінің балаларына арналады. Білім беру жүйесіндегі жаңа технологияларды, соның ішінде ЖИ мүмкіндіктерін күнделікті сабақта қолдану арқылы білім беру сапасын арттыру мақсатында ұсынылып отыр.
Қоғамдағы кез келген жетістік пен даму – білімнің жемісі, ал сол білімнің дәнін себуші – ұстаз. Алматыда оқыту жүйесін дамыту, бала құқығын қорғап, мұғалім мәртебесін арттыру бойынша ауқымды шаралар атқарылып келеді.
Жазира Оразқызы
