Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда 190 бала жол апатынан қаза тапқан. 7508 бала жарақат алды. Қайғылы көрсеткіштің басында Түркістан облысы тұр. Мұнда жол апатының салдарынан 34 бала көз жұмып, 280 бала жарақаттанған. Ал Алматы облысында 22 бала қаза тауып, 858 бала зардап шеккен. Жамбыл облысында 18 бала қаза тауып, 513-і жарақат алған.
Жол апатына себеп болатын жағдайлардың бірі көлік жүргізуге қауіпті сырқаты бар азаматтардың рөлге отыруы. Бір ғана Астананың өзінде биыл эпилепсия диагнозы бар 10 азаматтың көлік тізгіндегені анықталып, олар жүргізуші куәлігінен айырылған. Мұны жуырда ғана прокуратура жариялаған еді.
Айта кетейік, «Жол қозғалысы туралы» заңның 75-бабына сәйкес жүргізуші денсаулығының нашарлағаны медициналық қорытындымен расталса, көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл тізімге психикалық, неврологиялық және көру қабілетіне байланысты сырқаттар кіреді.
Елдос Есенбол
