2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңартылған салық кодексі күшіне енеді. Қазір өңірлерде бұл өзгерістің шағын және орта бизнеске қалай әсер ететіні түсіндіріліп жатыр.
Ақтөбеде өткен ауқымды шараға кәсіпкерлер көп жиналды. Бұл реформаның басты мақсатының бірі – шағын және орта бизнесті дамытуға негіз болатын ыңғайлы әрі әділетті модель қалыптастыру. Басты өзгерістің бірі – салық режимдерінің саны жетеуден үшеуге дейін азайды. Көлеңкелі экономиканы қысқартуға да жол ашылды. Жиынға қатысқан кәсіпкерлер сарапшыларға өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, бизнес өкілдері жаңа жүйеге қазірден дайын болуы керек. Сондықтан түсіндіру жұмыстары жалғасады.
Жанар Қожабаева, салық кеңесшісі:
Қазіргі таңда қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға өтіп тұр. Арнайы салық режимі 4 пайызда қалып тұр, бірақ жергілікті мәслихаттың, депутаттардың алты пайызға немесе екі пайызға түсірулеріне мүмкіндіктері бар.
Жақсыбек Кемал
