Егіндікөл ауданында жылдар бойы шешімін таппай келген ауызсу мәселесі қайта көтерілді. Жергілікті халықтың дабылы Мәжіліс қабырғасына жетіп, мәселе енді депутаттық бақылауға алынды. Депутаттар жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен Ақмола облысын сумен жабдықтау мәселелеріне арналған кеңес өткізді.
Биыл Егіндікөл мен Полтавкада су мұнаралары жөнделеді. Сондай-ақ көршілес Абай, Жұлдыз және Жалманқұлақ ауылдарында су тазарту блок-модульдері орнатылады. Бұл халыққа санитарлық талаптарға сай су жеткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы жыл соңына дейін Ақмола облысындағы кемі 80 ауыл таза ауызсумен қамтылады деп жоспарланған. Ол үшін әртүрлі қаржы көздерінен 20 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Юлия Кучинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Сапалы ауызсуға қол жеткізу – әрбір азаматтың заңды құқығы. Бұл артықшылық емес, өмірлік қажеттілік. Егіндікөл ауданында көп жылдан бері қордаланған мәселе партиямыз бен мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысының арқасында шешімін табуда. Біздің басты міндетіміз – мәселені уақтылы шешіп, әрбір ауыл мен әрбір үйді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету».
Ернұр Медет
