Президент Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады. Кездесу барысында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының өзекті мәселелері парламентаралық байланыстарды дамыту тұрғысынан талқыланды. Мемлекет басшысы қос халық арасындағы достық, тату көршілік байланыстарды нығайтуға Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының қосқан үлесін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Танзила Нарбаева парламентаралық дипломатияны, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін де қозғады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің сапарыңыз елдеріміздің арасындағы достық қатынастарды нығайту тұрғысынан өте маңызды. Біз бауырлас Өзбек елімен ынтымақтастығымызды дамытуға ерекше мән береміз. Мұны Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда өте маңызды фактор деп санаймыз. Екі елдің ықпалдастығы неғұрлым тығыз әрі табысты өрбіген сайын, жалпы өңірдегі жағдай да тыныш болады. Сіздің сапарыңыз парламентаралық байланысты кеңейту үшін шын мәнінде маңызды рөл атқарады.
Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:
Президентіміз Сізге ыстық ықыласын жолдап, алға қойған міндеттердің сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Қол жеткізілген уағдаластықтардың бәрі жеке бақылауында екенін айтты. Біз – Президенттің бүкіл командасы, соның ішінде Парламент оны іске асырып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай еңбек етеміз. Өзіңіз айтқандай, Өзбекстан мен Қазақстан – бір-біріне ең жақын әрі сенімді серіктестер.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге сіңірген еңбегі үшін Танзила Нарбаеваны II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Оңғар Алпысбайұлы
