Кеше қазақ футболының жанкүйерлері чемпионаттың бірнеше кездесуін тамашалады. «Ақтөбе» «Оқжетпесті» 2:1 есебімен жеңсе, «Астана» «Ұлытауды» ойсырата ұтты. 4:0. Ал «Жетісу» мен «Атырау» командалары тең түсіп, гол салынбады. «Ордабасы» мен «Тобыл» тартысты ойын көрсетті. Әуелі тобылдықтар төпелетіп үш гол салған еді. Бірақ шымкенттік команда екі гол соғып, есепті қысқартты. Осылайша 2:3 есебімен қостанайлық команда жеңіске жетті.
Асхат Тағыбергеннің бұл зеңбіректей соққысы елді тәнті етіп, ел арасында қызу талқыланып жатыр. Өйткені Асхат «Ордабасы» сапында жүргенде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков футболшының 20 млн теңге жалақы алатынын, соған қарамастан жоғары деңгейде ойнай алмайтынын мәлімдеген еді. Бұрынғы командасына салынған бұл жеңіс голы сонысымен қызық болып тұр.
Азамат Бейбітұлы
