Төрешіге шабуыл жасаған команда жарыстан шеттетілді. Шымкенте футболдан әуесқойлар лигасы аясында келеңсіз жағдай болды. «Тоқболат» және «Байдалы» командалары арасындағы мачтың 17-ші минутында «Байдалы» ойыншылары төрешіге шабуыл жасап, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Матч сол жерден тоқтатылды. Артынша Қазақстан футбол федерациясының жобаға жауапты өкілі Әділет Мұқышев мәлімдеме жасады. Ол жерде құқық қорғау органдарымен бірлесе ішкі тергеу басталғаны айтылады. «Байдалы» командасы әуесқойлар арасындағы біріншіліктен шеттетілді. Сондай-ақ осы матчқа қатысқан барлық ойыншылар Қазақстан футбол федерациясы мен Шымкент футбол федерациясы аясындағы жарыстардан уақытша шеттетіледі делінген арнайы хабарламада. Ал кездесудің бас төрешісі қазір дәрігерлердің бақылауында және оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетейік, биыл футболдан әуесқойлар лигасына еліміз бойынша 268 команда тіркеліп, қазір барлық аймақта іріктеу жарыстары өтіп жатыр.
Азамат Бейбітұлы
