Алматы облысы, Райымбек ауданында қос қуаныш. Аспантаулар аясындағы Сарыбастау ауылына 95 жыл. Сондай-ақ сол аядай ғана өңірдің тыныс-тіршілігін түзеп, өркендеуіне үлес қосқан Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығы.
Хантәңірі баурайындағы Сарыбастау ауылының тарихы терең. 1930 жылы небәрі 53 шаңырақ Ленин атындағы колхоз болып құрылады. Алмағайып заман ауыл жұртын айналып өтпеген. Десе де, халық қайыспай жергілікті шаруашылықты дамытып, аядай ауылдың өркендеуіне үлес қосқан. Соның арқасында қазір Сарыбастауда 2 мыңнан аса түтін бар.
Дастан Құдабаев, Райымбек ауданының әкімі:
Жастардың бастамашылдығы өте жоғары. Осы ауылдан үлкен ұжым құрылған. Бүгінде олар 2 мың гектарға жуық жерді игеріп, техникамен қамтылды, басқа да жұмыстарын бастап жатыр. Одан басқа, жаңбырлатып суғару бойынша 1 мың гектар жерге жаңа технология қолданып жатыр.
Ал ауылдың тыныс-тіршілігі Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімовтің ғұмырымен тығыз байланысты. Ұжымшарды отыз жылдан аса уақыт абыроймен тізгіндеген ардақты азамат колхоз қойын арқар-меринос тұқымымен асылдандырып, қой фермасын өркендетті. Одан бөлек, әк өңдейтін цех, кірпіш зауытын іске қосып халықтың әл-ауқатын көтерген.
Мақсат Әшімбаев, Н.Әшімбаевтың ұлы:
70-80 жылдары ауыл көркейіп, өскен үлкен ауыл болды. Ауылда 1000 жылқы, 1000 сиыр болды. Екі жерде сүт өндіретін ферма жұмыс істеді. 7 мың гектар жер астық болса, сол астықтан 20 мың өнім алынды. Ешқандай суы жоқ, ағып жатқан өзені жоқ ауыл. Соның басынан сай-сай бұлақтарды бөгеп, 7 көл салды.
Қазір ауылда егін мен мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Жоңышқа мен көпжылдық шөпті суғаратын 3 бірдей тоспа қайта қалпына келтіріліп жатыр. Оның екеуі қолданысқа берілді. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі, пошта, медициналық нысандар сынды мәселелер де толықтай шешімін тапқан.
Айдана Қуантхан, Қуан Нұрақын
