Қазақстан мен Өзбекстан Сенатының төрағалары кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан Сенатының төрағалары кездесті

18.08.2025

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Тараптар 2025–2026 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойып, парламентаралық байланыстарды нығайтуға уағдаласты.

Кездесуде су-энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды қолдау мәселелері талқыланды. Парламентаралық байланысты одан әрі нығайтумен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы Съезі шеңберінде рухани дипломатияны дамыту мәселесі де сөз болды. Мәулен Әшімбаев аталған Форумды Өзбекстан тарабы жан-жақты қолдап жатқанына алғыс білдірді. Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанның Орталық Азия өңірін дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бүгінде біздің мемлекеттеріміздің арасында тығыз саяси байланыс орнаған. Экономикалық байланыс қарқынды дамып, мәдени-әлеуметтік байланыс нығайып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің тұрақты түрдегі жоғары деңгейлі кездесулерінің арқасында маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Осы ретте Өзбекстан Президенті былтыр тамыз айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын ерекше атап өткен жөн. Соның аясында алдағы 10 жылға арналған стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды.

Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:

Қазақстан бүгінде түрлі іс-шараларға бастамашы. Аймақта ғана емес тұтас әлемде жоғары беделге ие. Өзбекстан ең жақын дос әрі сенімді серіктес ретінде әрдайым Қазақстанның жанында. Біздің президентіміз Шавкат Мирзиёев Қазақстанмен байланыстың нығаюына ерекше көңіл бөледі.

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу