Ақтөбе қаласының іргесіндегі Жерұйық ауылының тұрғындары әлі күнге дейін көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді. Айтуларынша, әкім-қаралар газ тартып береміз деп 20 жыл бұрын уәде берген. Алайда, ол уәде орындалар емес.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл ауылда 65 түтін бар. Одан бөлек, аудан әкімдігі жеке тұрғын үй құрылысы үшін 500 жер учаскесін бөлген. Алайда, мұнда әзір ешкім тұрмайды. Өйткені инженерлік желілер тартылмаған.
Алға ауданының Үшқұдық ауылдық округіне қарайтын елді мекенде 300-ге жуық тұрғын бар. Халық әлі күнге дейін отын жағып, күл шығарады. Ауыл облыс орталығынан бар болғаны 25 шақырым жерде ғана орналасқан. Сондықтан көшіп келуге ниеттілер де көп. Бірақ мұндағы жұрт өркениеттен тыс қалдық дейді.
Әділбек Жұманиязов, ауыл тұрғыны:
Біз газ келетін болғасын, соған сеніп, осы ауылға көшіп келдік. Газ болады, болашағы бар деп. Міне, содан бері 20 жыл өтті, газ жоқ әлі. Айтатындары келесі жылы. Жылда келесі жылы...
Ауылға көгілдір отын тарту үшін 2023 жылы жобалық-сметалық құжат дайындалған. Жоспар бойынша, тұрғындар көгілдір отынның игілігін биыл көруі керек еді. Алайда үміт ақталмады.
Жұмабай Дүйісов, ауыл тұрғыны:
Аудан әкімі келіп айтты, биыл газ болмайды, қарақтарым деп. Көмірлеріңді жинай беріңдер, таси беріңдер деді. Көмірді білесіңдер өздерің қанша тұратынын. Бір үйге құрығанда 6-10 тонна көмір кетеді ғой.
Газ құбыры ауылдан 3 километр жерден өтіп жатыр. Көгілдір отын айналадағы өзге елді мекендердің барлығында бар. Жауаптылардың айтуынша, бұған дейін дайындалған жобалық құжаттың мерзімі өтіп кеткен.
Серік Дәулетов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
2025-2027 жылдарға республикалық бюджетті жосарлау кезінде біздің облыс тарапынан қайтадан бюджеттік өтінім бердік. Қазіргі уақытта комиссияның оң қорытындысын күтіп отырмыз.
Облыстағы 319 ауылдың 172-сі газбен қамтылған. Биыл тағы 28 елді мекенге көгілдір отын барады. Ал Жерұйықтың тұрғындары кемі тағы екі жыл көмір мен тезек жағып амалдауға мәжбүр.
Жақсыбек Кемал
