Трамп, Зеленский мен Еуроодақ лидерлері Ақ үйде кездеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп, Зеленский мен Еуроодақ лидерлері Ақ үйде кездеседі

18.08.2025

Бүгін Вашингтонда маңызды кездесу болады. АҚШ президенті Дональд Трамп, Украина президенті Владимир Зеленский мен Еуропа лидерлері Ақ үйде келіссөз өткізбек. Алдымен Трамп пен Зеленский жеке кездеседі. Кейін Еуропа елдерінің көшбасшыларымен кеңірек отырыс жоспарланған. Оған Италия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Финляндия басшылары мен Еурокомиссия төрайымы, НАТО-ның бас хатшысы қатысады. «BBC»-дің хабарлауынша, мұндағы мақсат – АҚШ президентіне Украина мен Еуропа бірге екенін көрсету. Жиынға бірнеше сағат қалғанда Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желісінде Зеленский Ресеймен қақтығысты тоқтата алады. Ол үшін Киев НАТО-ға мүше болудан бас тартуы керек деп жазды. Сонымен бірге Қырымды қайтару мүмкін емес деді. Ал тамыздың 15 күні Алясканың Анкоридж қаласында Трамп пен Путиннің кездесуі өткен еді. Осы саммиттен кейін Ақ үй басшысы Украина мен Ресей атысты уақытша тоқтату туралы емес, бірден бейбіт келісімге келуі қажет деп мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу