Трамп пен Путин ортақ келісімге келе алмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп пен Путин ортақ келісімге келе алмады

16.08.2025

Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Аляскадағы кездесуі келісімсіз аяқталды. Келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Америка президенті әзірге мәміле жасалмады деп мойындады. Алайда, екі елдің де басшылары бұл саммит Украинада бейбітшілік орнату жолындағы нақты қадам болды деп мәлімдеді. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Күллі әлем назар аударған кездесуге қатысты оптимистік те, пессимистік те болжамдар растаған жоқ. Трамп аса құрмет көрсетіп ұшақтан түскен ресейлік әріптесін траптан өзі күтіп алып, екеуі кездесу орнына бір көлікпен аттанғанда жақсылықтың нышаны деп бағалаған еді жұрт. Алайда, үміт алғашқы жүздесуден-ақ азая бастады. Алты сағатқа созылуы мүмкін деп болжанған шағын құрамдағы кездесуі үш сағатқа жетпей бітіп қалды. Бұдан соң президенттер тілші қауымның алдына шықты. Алғаш сөз алған Владимир Путин мәлімдемесін қағаздан оқып берді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Украинадағы бейбітшілік тұрақты және ұзақ мерзімді болуы үшін дағдарыстың барлық түпкі себептері жойылуы тиіс. Ресейдің барлық заңды алаңдаушылығын ескеру керек. Еуропадағы және жалпы әлемдегі қауіпсіздік саласындағы әділ тепе-теңдікті қалпына келтіру қажет. Мен Президент Трамптың Украинаның қауіпсіздігін де қамтамасыз ету керек деген ойымен келісеміз. Әрине, біз осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз. Біз қол жеткізген түсіністік осы мақсатқа жақындап, Украинадағы бейбітшілікке жол ашады деп үміттенемін.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Путин «Трамп президент болғанда мұндай соғыс болмас еді» деп бірнеше рет мақтады. Ақш президенті де қарымтасыз қалмады. Ресейлік әріптесіне алғысын жаудырып, қайта қайта рахмет айтты. Бұған дейінгі ауыр санациялармен қорқыту, ультиматум қойып, онысын елу күннен он күнге дейін қысқартқан адуынды қарқын, ашулы қалып жоқ. Алайда, АҚШ президенті кездесуде нақты келісімге қол жетпегенін бірден мойындады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Менің ойымша, біз өте нәтижелі кездесу өткіздік. Көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік, басым бөлігіне қатысты, ал бірнеше маңызды мәселелерде әлі де толық келісімге жете қойған жоқпыз, бірақ алға жылжу бар. Сондықтан келісім –қол қойылғанша келісім емес. Мен жақында НАТО-ға қоңырау шаламын, сондай-ақ тиісті деп есептеген адамдарға хабарласамын және әрине бүгінгі кездесу жайлы Президент Зеленскийге қоңырау шаламын. Соңғы шешім, түптеп келгенде, олардың қолында.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бұл кездесудің нәтижесі Трамп күткендей болмағанын кеңейтілген құрамдағы кездесудің өтпей қалғаны мен ресейлік мейманына қонақасы бермегенінен де аңғаруға болар. Мұндай жағдай Трамптың тұсында екінші рет қайталанып отыр. Бұған дейін Владимир Зеленскиймен Ақ үйде сөзге келіп қалып, Украина президентін еліне шұғыл аттандырып жіберіп еді. Алайда, Путинмен мейлінше сыпайы болуға тырысса да асығыс шығарып салды. Тіпті, екі жақ журналистердің сұрақтарына жауап бермей кетіп қалды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қолыма билік тисе Украинадағы соғысты бір күнде тоқтатамын деп уәде беріп, сегіз айдан бері онысын орындай алмай амалы таусылып жүрген Трамп алдағы уақытта Путинмен тағы да кездесуге ниетті екенін білдірді. Әрі келесі саммитке Зеленский де қатысатынын мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу