Аляска штатында Трамп-Путин саммиті басталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аляска штатында Трамп-Путин саммиті басталуға жақын

15.08.2025
Аляска штатында Трамп-Путин саммиті басталуға жақын

Бірнеше сағаттан кейін АҚШ-тың Аляска штатында тарихи саммит басталады. Ақ үй басшысы айтқандай, оның негізгі мақсаты – Украинадағы соғысты тоқтату үшін Америка, Украина, Ресей президенттері арасында келіссөздер өткізуге жол ашу. Киев пен Мәскеу тұрғындары Трамп-Путин кездесуінен не күтіп отыр? 

Бірнеше сағаттан кейін АҚШ-тың Аляска штатының Анкоридж қаласында президент Дональд Трамп пен оның ресейлік әріптесі Владимир Путин арасында тарихи саммит өтеді. Талқыланатын негізгі тақырып – Украинадағы соғысты тоқтату.

Саммитке шақырылмаған Украина лидері Владимир Зеленский мен оның еуропалық одақтастарының пайымынша, Трамп Украинаның мүддесін сатып, оны Ресейге жер беруге мәжбүрлеуге әрекеттенуі мүмкін.

Қазір Киевтің өзінде де пессимизм басым: жергілікті тұрғындар Аляска саммитінен жағымды жаңалық күтіп отырған жоқ.

Анна Шерстнева, есепші:

Бұл кездесудің Украинаға қандайда бір жақсылық әкелуі екіталай. Мен Трампқа сенбеймін. Ол бүгін бірдеңе десе, ертең басқаша сөйлеп жүре береді.

Ростислав Святенко, зейнеткер:

Ешқандай келісім жасалмайды. Украина өзін қарудың күшімен ғана қорғай алады. Егер еуропалық көршілеріміз көмекті жалғастырса, жақсы болады. Бірақ Америкаға әлі де үміт бар. Трамп бізге жәрдем қажеттігін бір күні өзі түсінеді деп сенемін.

Мәскеудегі көңіл күй өзгешелеу. Ресейліктердің кейбірі Трамп-Путин кездесуі Украинадағы әскери жанжалды аяқтауға және Ресейді батыстың санкцияларынан босатуға жол ашады деп сенеді.

Михаил Белоусов, Мәскеу тұрғыны:

Олар келісімге келеді деп үміттенемін. Санкциялар астында өмір сүру біршама шаршатты. Тағы не айтайын? Негізі 2018-2019 жылдары, яғни осының бәріне дейін өмір жеңілдеу болып еді. Мен бәрі жаман деп айтпаймын, бірақ тезірек біткенін қалаймын.

Марина Трутникова, Мәскеу тұрғыны:

Бір күні бәрі жақсы әрі тамаша болып, бейбітшілік орнап, өзге елдерге саяхатқа шығып, бір-бірімізбен кез келген тақырыпқа сөйлесіп, үрейден арыламыз деп ойлаймын.

Айта кетсек, Трамп Украинада үш жарым жылдан бері жалғасып жатқан соғысқа ымыра жариялауға күш салып келеді. Егер бұл мақсаты орындалса, ол Нобельдің бейбітшілік сыйлығын иеленуге қажетті бітімгер деген беделін нығайта түспек.

Ярослава Барбиери, Халықаралық қатынастар жөніндегі корольдік институттың Украина форумының ғылыми қызметкері:

Алда өтетін Трамп-Путин кездесуі барлық тарап үшін өте маңызды. Оның нәтижесінде Путин көп жылдан бері оқшауланған Ресейдің халықаралық мәртебесін қайта көрсете алады. Трамп болса, дүниежүзінде бейбітшілік орнатушы деген имиджін күшейтеді. Ал Украинаға бұл саммит соғысты тоқтатудың маңыздылығын тағы да ескертуге мүмкіндік берейін деп отыр.

Соңғы мәліметке қарағанда, Трамп Аляскаға аттанып кетті. Ұшаққа отырғаннан кейін ол Ресеймен жер айырбастау мәселесін Украина өзі шешеді деп мәлімдеді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу