Қазақтың ұлттық тағамдары – құрт, қоспадан бастап, жылқының еті, сүт және сүт өнімдері мен жеміс-жидектер. 1 қыркүйектен бастап оқушылар мектепте осындай тағамдарды көбірек тұтынады. Министрлікпен қоса «Қазақ тағамтану академиясы», «Юнисеф» ұйымының өкілдері бірлесе отырып, жаңа тамақтану стандартын әзірледі. Сонымен жаңа мәзірдің тағы қандай ерекшелігі бар, мұны әзірлеуге не себеп?
Жаңа оқу жылынан бастап мектепте фаст-фудтар, пицца, гамбургерлер, құрамында тұзы көп крекерлер, тәтті сусындар, сондай-ақ шұжықтар мен ысталған ет, кремі бар кондитерлік өнімдерді сатуға тыйым салынады. Оның орнына неғұрлым құрамы дәруменге бай, құнарлы тағамдар ұсынылады. Мысалы, жеміс-көкөністер көптеп қолданылмақ, оқушы ыстық тағамнан бөлек, күніне бір дана көкөніс пен жеміс-жидек тұтынуы тиіс. Сусын ретінде сүт, компот, итмұрыннан жасалған сусындар ішуі қажет.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қантты тұтынуды 3,6 есеге, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, көкөністер мен жемістерді, сүт өнімдерін көбейтуді көздейді. Алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалынды.
Яғни, асханасы жоқ 400-ге жуық мектеп үшін де арнайы мәзір жасақталған. Одан бөлек, белгілі бір сырқаты бар немесе тағам түріне аллергиясы бар балаларға да арнайы диеталық мәзір ұсынылады. Тағы бір ерекшелігі - мәзір тізімінде қазақтың ұлттық тағамдары да бар.
Аяулым Тасқынғали, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
Мектеп мәзірінің ерекшелігі – өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, ұлттық нақыштағы десерттер ұсынылады. Құрамындағы қант-тұз мөлшерін ескере отырып, құрт, жент секілді десерттер ұсынылады. Және де балаларға жылқы етінен жасалған әртүрлі тағам түрлері ұсынылады.
Жаңа мәзірді әзірлеудің себебі де бекер емес. Соңғы жылдары балалар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамыры аурулары жиілеген. Дәрігерлер аурудың көбі –артық салмақтан басталады деп отыр
Раушан Құлжабава, педиатр:
Яғни, тек қана балада артық салмақ қосылу ғана емес, көру қабілетінің төмендеуі, асқазан-ішек жолдарында өзгерістер болуы мүмкін. Сонымен қатар бауыр мен өт жолдарында өзгерістер болуы мүмкін. Ол ұзақ уақыт дәрігерге қаралмағанда, ары қарайда бұзылыстарға әкеп жатқанда басқа да аурулардың бастамасын шақыруы мүмкін.
Ұлттық денсаулық сақтау орталығының хабарлауынша, 6-9 жас аралығындағы әр бесінші балада артық салмақ бар. 2018 жылмен салыстырғанда 9-15 жастағы балалар арасындағы семіздік 15,7 пайызға дейін өсті. Ал 15 жастан асқан қыз балалардың 29,7 пайызы, ұл балалардың 33,9 пайызы артық салмақ қосқан.
Раушан Сайлауқызы
