Қазақстандық таеквондошылар жарады. Астанада өтіп жатқан халықаралық рейтингілік турнирінде Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте көш бастады. Байрақты додада ересек спортшыларымыз барлығы 38 медаль жеңіп алды.
Қоржынға түскен жүлденің оны алтын, он екісі күміс және он алтысы қола. Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасының көшбасшылары, соның ішінде Париж Олимпиадасының қатысушылары Самирхон Абабакиров екінші орынға ие болды. Ол финалда Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері Тунис спортшысына жол берді. Қарсыластар осыдан бірер апта бұрын Универсиада ойындарының жартылай финалында кездескен. Сол кезде Самирхонның бағы жанған еді. Ал бұл жолы Тунис өкілі есе қайтарды. Сондай-ақ тағы бір Олимпиада қатысушысы, 80 келідегі Батырхан Төлеуғали жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек жеңіс тұғырынан көрінгендердің қатарында Универсиаданың жүлдегерлері де бар.
Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жарыста 22 елдің спортшысы сынға түсіп, 16 салмақ дәрежесі бойныша жүлделерді сарапқа салды. Бәсекенің екінші күнінде даянгте жасөспірімдер бақ сынап жатыр. Турнир ертең аяқталады.
Айтжан Алдабеков, таеквондадан ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы:
Бүгінгі жарыс жолына шығып жатқан жастар Ұлттық құрамасы өте жақсы. Жуырда ғана Азия чемпионатынан оралған болатын. Араға бірнеше жыл салып, біздің жастар Ұлттық құрамасы үш алтын иеленді. Жалпы жалпыкомандалық есепте Азияда үшінші орын иелендік. Бұл жерде де керемет өнер көрсетіп жатыр. Біз оған сенімдіміз, жастар Ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленеді.
Асылбек Данияр
