«Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеу жұмыстары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеу жұмыстары жүріп жатыр

14.08.2025

Бүгін ұстаздардың республикалық Тамыз конференциясы қарсаңында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өтті. Мақсат – серіктестік орнатып, тәжірбие алмасу. Кездесуде жас педагогтердің бірыңғай дерекқорын қалыптастыру бастамасы таныстырылды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мәліметінше, бұған дейін іріктеуге қатысу үшін жас түлектерден 917 өтінім түскен. Оның жартысынан көбі іріктеуден өткен.

Айдана Шилибекова, «Өрлеу»  біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы:

500-ден астам ең үздік түлектерді «Келешек мектептеріне» жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп отырмыз. Деректер базасын құрдық. Үздік түлектердің деректер базасы. Ол базаға сонымен қатар, 100-ден астам «Келешек мектептерінің» директорлары қолжетімділік алды. Яғни, директорлар сол база арқылы қандай түлектер бар екенін және оларды жұмысқа шақыруға тікелей каналы бар деген сөз.

«Өрлеу» орталығы басшылығының айтуынша, бұл платформа жас педагогтерді әділ әрі тиімді іріктеуге арналған заманауи құрал. Үздік нәтиже көрсеткен 540 түлектің электронды портфолиолары цифрлық платформаға жүктелді. Үміткерлер тестілеу барысында пәндік білім деңгейімен қатар, әлеуметтік және эмоционалдық құзыреттері бойынша да бағаланады. Айта кетейік, «Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеу жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.

Саламат Идрисов, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы, ректор:

Біздің бітірген түлектерімізбен кері байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Бұл бағдарлама арқылы түлектеріміз қай жерде жұмыс істеп жатыр, олардың ары қарай біліктілігін арттыру, қандай көмек сұрайды, ЖОО қандай көмек бере алатыны бойынша жұмыстарды күшейтуге байланысты жақсы кейстерді көрдік.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу