Елдегі шалғай ауылдар Starlink спутникті интернетінің қызығын көре бастады. Бұл желіні былтырдың өзінде алыс ауылдардағы мектептер қосып, сынақтан өткізіп үлгерген еді. Тек Ақтөбе облысында ондаған білім ордасы игілігін көріп отыр. SpaceX компаниясына тиесілі төменгі орбиталы Starlink спутниктік желісі арқылы жоғары жылдамдықты интернетті енді кез келген тұрғын қосып алуына болады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Елімізде жүздеген ауыл интернет игілігін көре алмай отыр. Көптеген елді мекен тұрғындары алыстағы ағайынымен хабарласу үшін осылай қыр басына шығуға мәжбүр. Дегенмен мамандар енді бұл қиындық артта қалды деп сендіреді. Жоғары жылдамдықтағы Starlink желісі арқылы енді кез келген нүктеден ғаламторға қосылуға болады.
Бұл - Алға ауданына қарасты 70-ке жуық түтіні бар Жерұйық ауылы. Тұрғындар ұзақ жылдар бойы жоғары жылдамдықты ғаламторға қосыла алған жоқ. Мобильді байланыстың өзі жуырда ғана келген. Дегенмен оның сапасына сын көп. Сондықтан халық соңғы жаңалықтарды қуана қабылдады.
Бақберген Аманғалиев, ауыл тұрғыны:
Балаларға интернет арқылы тапсырма берсе, қол жетімсіз, оны орындай алмайды. Сонымен қатар мына телевизор да интернет желісіне қосылмай тұр. Starlink интернеті туралы біздер ақпарат естіп отырмыз. Мүмкіндік болса оны үйімізге қондырғымыз келеді. Тек оның абоненттік төлемі қолжетімді болса, жақсы болар еді.
Starlink спутникті интернетін Ақтөбе облысының өзінде 46 мектеп қосып үлгерді. Бұл сапасыз байланыстан ығыры шыққан ауыл ұстаздары үшін де жағымды жаңалық болды. Интернет жылдамдығы мен сапасына шағым жоқ. Starlink-тің басты артықшылығы - кабель немесе ұялы байланыс желісі қажет емес. Тікелей төменгі орбиталы спутниктер арқылы жетеді.
Марат Нұртазин, мектеп директоры:
Біздің мектебімізге осы интернет желісі орнатылды. Бұл біздің мұғалімдеріміз үшін инновациялық, цифрландыру сервистерін толық пайдалану үшін өте тиімді болып жатыр.
Қазір облыс аумағында 311 ауыл бар. Оның 266-сы мобильді интернетпен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 16 елді мекенді 4G мобильді интернетімен қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автожолдар бойында мобильді байланыс пен интернетті қамтамасыз ету үшін 17 байланыс мұнарасы орнатылады.
Гүлдара Ысқақова, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы:
Starlink ресми сатылымға қыркүйек айынан шығады деп жоспарлануда. Мұны әрине кез келген тұрғын қолдана алады. Алайда бұл технологияның бағасы басқаларынан әлдеқайда жоғары деп айтуға болады. Ертең сатылымға шыққаннан кейін бұл мәселе қарастырылады. Қазіргі таңда келісімдер жүруде.
Спутникті ғаламтор желісі, әсіресе жырақта орналасқан шағын ауылдың тұрғындары мен шаруа қожалықтарына тиімді. Мамандардың айтуынша, ол қазіргі қолданыстағы байланыс операторларын ығыстырыра алмайды.
Жақсыбек Кемал
