Әскерге шақырылушыларды іріктеудің жаңа әдістемесі 470 азаматтың психоэмоционалды ауытқуы бар екенін анықтаған. Бұл – PSY-тәуекел жүйесі. Қазақстан армиясына енгізіліп жатқан жобаны әскери психологтар әзірлеген.
Жаңа әдістеме көктемгі шақырту кезінде сынақтан сәтті өткен. Тексерістердің нәтижесінде 470 азаматтың психоэмоционалды ауытқуы бар екені анықталып, қосымша тексеруге жіберілді. Тексеріс үш кезеңнен тұрады. Әскерге шақырылушылар алдымен жалпы медициналық тексерістен өтеді. Осы кезде әрқайсысына психологиялық скрининг жасалады. Нәтижесінде күмән тудырған азаматтар тереңдетілген диагностикалық бағалауға жолданады. Бұл кезеңнен де өте алмағандармен медицина мамандары жұмыс жүргізеді.
Арман Қалышев, ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басқарма бастығы:
Егер біздің психологтар мінез-құлқында ауытқу бар деп айтса, яғни ол денсаулық жөнінен жарамды болмайды. Ол кезде әскери қызметке бармайды. Яғни, біздің методикамыз кешенді зерделеу жұмысын ұйымдастырады. Әскери қызметшіні, болашақ біздің сарбазды егжей-тегжейлі түбегейлі зерделеп, оны әскери қызметке аламыз.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа бастама әскерге оң өзгерістер алып келеді.
Амангелді Құрмет, әскери сарапшы:
Психологиялық тексерістен өткізу өте маңызды және бұл әлемде соңғы жылдары үрдіс алып келе жатқан тренд. Мысалы, 2023 жылы АҚШ өздерінің қарулы күштеріне одан бөлек теңізіне және әскери әуе күштеріне арнап, азаматтық саладын 2400 психолог тартқан. Бұл бастаманы мен өте жақсы қолдаймын. Бұл тестілеудің нәтижелері қандай болады? Бұл тексерістер қалай жүреді - бұл басқа мәселе.
Сарапшы пікірінше, мұндай сүзгінің енгізілуі қазіргі кезде аса маңызды. Себебі бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында психологиялық тұрақтылық пен түрлі қиындыққа бейімделуі әлсіреген. Сондықтан PSY-тәуекел жүйесі еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізілмек.
Оңғар Алпысбайұлы
