Алматылық «Қайрат» футбол клубы тарихи нәтижеге қол жеткізді. UEFA Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасын жеңді. Осылайша қазақстандық клуб плей-офф кезеңіне жолдама алды. Сырт алаңда өткен қарымта матч қарсыластар үшін де маңызды еді. Алматыда өткен ойында «Слован» 0:1 есебімен жеңілген. Сондықтан болар алғашқы минуттан-ақ словактар белсенді болды. Сәйкесінше алматылық команда да дес бермеді. Ойынның 30-минутында «Қайраттың» қорғаушылары алаң ортасында өрескел қателік жіберді. Осы сәтте «Слован» сапынан Роберт Мак мергендік танытып, гол салды. Осылайша екі ойынның нәтижесі бойынша таразы басы теңесті. Үзілістен кейін, яғни екінші таймда екі команда да қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Негізгі уақыт қазақстандықтар үшін бітеу қақпа болды. Жеңімпаз қосымша таймда да анықталмай, ойын пенальти сериясына ұласты. Бұл мүмкіндікті «Қайрат» футболшылары сәтті пайдалана алды. Қарсыластан 4:3 есебімен басым түсті. Енді Рафаэль Уразбахтин шәкірттері плей-офф бәсекесінде Шотландияның «Селтик» клубымен ойнайды. Алғашқы матч түзде, 21 тамызға жоспарланған. Қарымта матч үйде 26 тамызда өтеді.
Асылбек Данияр
