«Jastar Fest»: Павлодарда республикалық форум өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Jastar Fest»: Павлодарда республикалық форум өтіп жатыр

12.08.2025

Бүгін – Халықаралық жастар күні. Осыған орай Павлодарда республикалық «Jastar Fest» форумы өтіп жатыр. Жиынға еліміздің әр өңірінен белсенді 100-ден астам жас маман жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті жастар, форумға қатысушылар! Қадірлі қауым! Халықаралық жастар күні баршаңызға құтты болсын! Бұл – мән-мағынасы ерекше мереке. Бүгін осында нағыз отаншыл, дарынды және жанашыр жастар жиналды. Сіздер барлық салада белсенді түрде еңбек етіп жатырсыздар. Волонтер ретінде мұқтаж жандарға көмек беріп жүрсіздер. Маңызды бастамаларға, экологиялық іс-шараларға атсалысып, қолдау көрсетіп келесіздер. Спорт, білім сайыстарында топ жарып, елдің абыройын көтеріп жүрсіздер. Осылайша, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құруға нақты үлес қосып жатсыздар. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! Жастар форумы Павлодар қаласында өтіп жатыр. Бұл аймақ – ұлт руханиятын байытуға өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті тұлғалардың мекені. Сондай-ақ Павлодар – еліміздегі өнеркәсіп орталығының бірі. Облыстың экономикамызды өркендетуге қосқан үлесі зор.

Биылғы жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл жастардың кәсіби өсуіне үлкен жол ашты. Қазір елімізге өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік, IT-инфрақұрылымы және қызмет көрсету саласына білікті мамандар қажет. Бұл мақсатта Үкімет бизнес пен білім беру ұйымдарымен бірлесіп, кадрларды даярлаудың ауқымды бағдарламаларын жүзеге асыруда.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Жастардың орны бөлек, біздің елімізге керекті мағыналы білімді алып, біздің еліміздің өркендеуіне келешекте өз білімдерін қосады деп ойлап отырмын.

Елімізде 234 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Ал жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Президент тапсырмасы бойынша «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары іске қосылды. 206 млрд теңге бөлініп, 35 жасқа дейінгі 7,9 мыңнан астам жас баспанамен қамтылды.

Жібек Мұратқызы, Шымкент қаласы Жастар орталығының маманы:

Шымкент өңірінде жеке қабылдауға көбіне 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қызмет алады. Ол жерде түрлі жағдайлар қарастырып, отбасылық мәселелер, жасөспірімдер арасындағы жағдаймен жүгінеді. Барлығына жеке кеңес беріледі. Бөлімде толығымен үш маман жұмыс атқарады. Жастар орталығы тек қана студенттермен, жастармен ғана қызмет етпейді, ол жерде түрлі орталық, пробация орталығы бар. Және Аналар үйімен де тікелей байланыстамыз.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу