Абайдың алпысқа жуық әні нотаға түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың алпысқа жуық әні нотаға түскен

12.08.2025

Адамзаттың асылы Абайдың әндері – қазақ музыка тарихында баға жетпес мұра. Зерттеушілердің мәліметінше, Абайдың 60-қа жуық әні нотаға түскен. Ел ішінде аңызға айналған Ұлы ақынның лирикалық әндері қазір қалай орындалып жүр? 

Ғұламаның композитор Латиф Хамиди жазған «Көзімнің қарасы» әні ел ішінде кең танылған. Әннің әр сөзінде іңкәрлік, ұяңдық, ғашықтық сезімімен тұтасып жатқан құбылыс ерекше суреттеледі. Опера әншісі Төлеген Рахымбаев «Абай операсында» ұлы ойшылдың сөзіне жазылған әндер мен романстарды әлемнің көгінде нақышына келтіріп орындап жүр. Ол хәкімнің музыкалық шығармалары жоғары шеберлікті талап етіп, вокалдық мүмкіндікті сынайды дейді.

Төлеген Рахымбаев, опера әншісі:

«Ей, халайық» ариясы, «Қай талқы» ариясы, «Зарлының наласы» - бұл ариялар өзінің мән-мағынасымен ауыр болмай, вокалдық тұрғыда өте ауыр. Абайдың образын сомдап шығу үшін тек вокалдық деңгейде дайын болмай, әндерінде Абайдың даналығы, ойы жатыр.

Ал Әділет Әбдікәрім әлеуметтік желілерде ойшылдың әндерін заманауи нұсқада гитарамен айтады. Жас талант дала данышпанының әр әнінің шығу тарихын зерделеп, саралап, мазмұны мен мәнін қатарластарына кеңінен насихаттап жүр.

Әділет Әбдікәрім, әнші:

Әлеуметтік желіде Абай Құнанбаевтің әндері жастар арасында өте танымал. Кез келген бағытта, кез келген жанрда, гитараға да салып, түркі халықтары, славян халықтары, әлемнің көптеген елдері өздерінің аспаптарына салып, орындап отырады.

Халық әндерін тыңдап өскен кемеңгер Абай халық әуендеріне терең бойлап, орыс романстарын Еуропа мәдениетімен үйлестіре отырып шығарған. Ғұламаның әуені халықтың құлағына өте жағымды болды. Десе де, ел іші ақынның әндерін ерекше ықыласпен қабылдаса да, нотаға түсіру жұмысы XX ғасырдың бас кезінде басталды, дейді өнертанушы Амангелді Мұқан.

Амангелді Мұқан, өнертанушы:

Музыкадағы жаңашылдығы кейінгі қазақ музыкасына керемет әсер етті. Себебі Абайдың шығармашылығы зерттеле бастаған кезі, кәсіби музыканың аяққа тұра бастаған кезі. Абайдың табиғатына тән поэзиясы мен қара сөзіндегі тереңдік музыкаға да енген. Әрбір әнінде терең ой бар. Ол жаңаша ырғақтан шығады.

Ақынның ел ішінде кеңінен танымал әндері аз емес. Енді өнерпаздар қалған 50-ге жуық нотаға түскен мирасты халыққа насихаттауы тиіс, дейді өнертанушы. Себебі қазақ әндері мен күйлерін жетік білген данышпан ешкімге ұқсамайтын әуен тудырып, музыка тарихында өз қолтаңбасымен дара.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу