Өзбекстанның астанасы Ташкентте Абайдың еңселі ескерткіші бар. Сондай-ақ қала орталығында ақынның атындағы көше бар. Ол жердегі тұрғындар Абайды ұлы ойшыл, халқын ілім-білімге жетелеген тұлға ретінде таниды. Қазақтың біртуар перзентінің атындағы көшеде тұратынымызға қуаныштымыз дейді олар.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Бұл - Ташкенттің орталығындағы Абай Құнанбаевқа қойылған ескерткіш. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігі ғимаратының алдында тұр. Еңселі ескерткіш екі елдің бауырластығының, достығының символы іспетті. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі 9,5 метрге жуықтайды. 2013 жылдың маусым айында салтанатты түрде ашылған.
Ескерткішті белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев жасаған. Авторлар ақын бейнесі арқылы қазақтың дархан көңілін, ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің дәл алдынан басталатын көше - Абай көшесі. Тұрғындар хакім Абайдың кім екенін жақсы біледі.
Асрорбек Мурадов, Абай көшесінің тұрғыны:
Осы көшеде тұрамын. Абай атындағы көше бұл. Абай - қазақ халқының ұлы ақыны, өзбек тіліне аударылған өлеңдерін де оқығанмын. Осындай тұлғаның атындағы көшеде тұратыныма мақтанамын. Жақын маңда Абайдың ескерткіші бар. Күн сайын алдынан өтеміз.
Бауырлас өзбек халқы Қазақстанда Абайдың мерейтойы бар салтанатымен аталып өтіп жатқанынан хабардар. Әсіресе әдебиет пен өнер саласында жүрген азаматтар ұлы ақынын ұлықтап жатқан елге ризамыз десті. Ақын шығармалары әлі талай буынға рухани азық боларына сенімді.
Наргиза Асадова, ақын-аудармашы:
Абайдан бастап қазақ классиктерінің шығармаларын аудару үздіксіз жалғасуда. Бұл өте құптарлық дүние. Әдебиет арқылы ұлтаралық ынтымақ артады. Сонымен қатар замандас ақын-жазушылармен рухани байланыс орнатып келеміз. Өзара достық сипаттағы шығармашылық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны қуантады.
Абай тойы қазаққа ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ той. Бауырлас өзбек елінің хакім Абайға деген құрметіне қарап осыған көзіміз жете түсті.
Базаркүл Отыншиева
