Таңдаулы 100 кітап анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таңдаулы 100 кітап анықталды

11.08.2025

Мемлекет басшысы Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып атап өтілді. Осы мерекеде қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды көздейтін жаңа жоба – «100 кітап» сауалнамасы басталып, Абай күні қарсанында аяқталды.

Сауалнама еGov.kz порталында жүргізілді. 3 айға созылған жобаға 100 мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауын жасады. Бастамаға белгілі қаламгерлер мен сарапшылар да атсалысып, дауыс берді. Бүгін бұл жобаның қорытынды шарасы өтіп, оған қоғам қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналғандар бұл бастаманың ел руханияты үшін айрықша маңызды қадам болғанын атап өтті.

Төлен Әбдік, Қазақстанның халық жазушысы:

«100 кітап» дегенде оның мазмұны қандай, ерекшелігі неде деп, қызығып, халық оқи бастайды. Егер біз халықтың санасын үнемі оята білсек, қызығушылығын арттыра аламыз. Сондықтан бұл 100 кітаптың қоғамға әсері болатынына сенемін.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

100 үздік жазушыны таңдау оңай емес. Дегенмен бұл бастаманың жақсы жағы – 100 кітапты көрген адам «бұл не екен?» деп, қызығып, бұрын кітап оқымаған болса да, қолға алуы мүмкін.

Жиынға қатысқандардың пікірінше, бұл жоба қазақ әдебиетін насихаттауға ықпал етіп қана қоймай, кітап өндірісіне де, кітапхана ісіне де серпін береді. Қорытынды тізімге казақстандық классикалық шығармаларынан бастап, қазіргі заман авторларының да туындылары енді. Сондай-ақ көркем әдеби роман мен повестер, өлең жинақтары кірді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл кітаптардың көбі мектеп бағдарламасында оқытылған. Оқу сауаттылығын арттыратын мұндай шаралардың қайта жанданып жатқанына қуаныштымын. Біз оны насихаттай бастаймыз. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі мен университеттер, Ғылым және жоғары білім министрлігі де бұл кітаптарды студенттер арасында дәріптейді.

Толық тізім Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында жарияланды. Бұл жоба енді тұрақты түрде жалғасып, тізім жаңартылып отырады. «100 кітап» жобасы – қалың оқырманның әдеби талғамын қалыптастыратын, келер ұрпаққа рухани бағыт-бағдар болатын маңызды қадам.

Жанел Өтеулі


Хабарламаларға жазылу