Астанада Азия Паралимпиада комитетінің Конференциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Азия Паралимпиада комитетінің Конференциясы өтті

11.08.2025

Бүгін Астанада Азия Паралимпиадалық комитетінің Конференциясы мен 8-Бас Ассамблеясы ашылды. 45 елден келген қатысушылар паралимпиадалық спорт саласындағы өзекті мәселелерді талқыламақ.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Азия Паралимпиада Комитетінің президенті Маджед Рашидтің айтуынша, Азия құрлығының параспорт әлеміндегі маңызы зор. Сондықтан бұл бағытта жұдырықтай жұмыла жұмыс істеу қажет, дейді. 45 елден келген 190-нан астам делегат бүгін тәжірибе алмасады, алдағы жұмыстарды жоспарлайды. Айта кетейік, мұндай іс-шара Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр.

Жиында негізгі назар паралимпиадалық спорттың стратегиялық дамуына ауды. Бұл - қоғамды өзгертетін бағыт, дейді конференция қатысушылары.

Хироюки Масака, Азия Паралимпиада комитетінің атқарушы кеңес мүшесі:

Параспортқа жай ғана ойын деп қарауға болмайды. Бұл -мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін аса маңызды. Оларды спортқа, жарыстарға, Паралимпиадаға тарту қоғамның мүгедектікке деген көзқарасын түбегейлі өзгерте алады. Дегенмен кедергілер де бар. Әсіресе спортпен айналысу орындарына қатысты. Сондықтан параспортты дамыту үшін бәріміз күш салуымыз керек.

Бүгінде Қазақстанда 19 паралимпиадалық спорт түрі жақсы дамыған. Осылай деген Туризм және спорт министрі елдегі бұл саланың 20 жылдан астам уақыт белсенді дамып келе жатқанын айтады.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық комитеті 2002 жылдан бастап белсенді жұмыс істеп келеді. Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамды қамтитын түрлі деңгейдегі 800-ден астам жарыс өткізіледі. Спортшылар 56 республикалық, 80-нен астам халықаралық жарысқа қатысады.

Сала белсенді даму үшін Азия елдерінің Паралимпиада комитеттерін біріктіретін тұрақты бағдарлама қаралды.

Маджид Рашед, Азия Паралимпиада комитетінің президенті:

Біз стратегиялық жоспардың алғашқы кезеңіндегі мақсаттарын орындап, келесі деңгейдегі міндеттерді анықтадық. Барлық Ұлттық Паралимпиадалық комитетті біріктіретін тұрақты бағдарлама жасау жолдарын қарадық. Ал бүгінгі жиын қозғалыстың болашағына жаңа шешімдер береді деп сенемін. Қазақстан - біздің ұзақмерзімді серіктесіміз. Бұл елдің байрағы ірі жарыстарда желбірейді. Біз бірге көптеген жобаларды талқылап жатырмыз.

Бас Ассамблея мен Конференциядан бөлек, 13 тамызда Астана Конгресс-орталығында Asian Awards марапаттау рәсімі өтеді. Параспорттағы үздік жетістіктер насихатталады. Ал ұйым өкілдері елдегі инфрақұрылым мен мүмкіндіктерді жоғары бағалап отыр. Тіпті келешекте паралимпиаданың Қазақстанда өту мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу