Түркияның солтүстік-батысында қуатты жер сілкінісінен 1 адам қаза тауып, 29 тұрғын жараланды. Мұны осы елдің ішкі істер министрі Әли Йерлікая мәлімдеді. Оның дерегінше, 16 ғимарат опырылып түскен.
Дүмпудің магнитудасы 6,1 балға жетті. Қазір Балыкесир провинциясының Синдирги қаласында іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Түркияның апатпен күрес басқармасының мәлімдеуінше, зілзаланы бірнеше провинция мен Ыстанбұл халқы да сезінген. Жергілікті және германиялық сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Синдирги маңында 10-11 шақырым тереңдікте анықталды. Президент Реджеп Тайып Ердоған зардап шеккендердің тезірік сауығып кетуіне тілек білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы Түркияда 7,8 балдық зілзаладан 53 мыңнан астам адам мерт болып, 11 провинцияда жүздеген мың ғимарат қирағаны белгілі.
Арыстан Рысбек
