Ұлы ақынның мерейтойын Шымкенттің жұртшылығы да кеңінен атап өтті. Қала тұрғындары мен жергілікті билік өкілдері ұлы ойшылдың ескерткіше тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Хакім музейін аралап, ондағы экспонаттармен танысты. Ақынның шығармаларынан ғибрат алған көзі қарақты жастар әрі қарай «Абай әлемі» республикалық байқауында бақ сынады.
Гүл қою рәсімінен соң мегаполис тұрғындары «Хакім Абай» музейіне бас сұқты. Мұражайда ұлы ақынға қатысты құжаттар, фотосуреттер мен мерзімді басылымдар жинақталған. Көрмеге Семейдегі 50-ге жуық жәдігердің көшірмесі қойылған. Көпшілік әрі қарай «Абай әлемі» байқауын тамашалады. Сайыстың іріктеу кезеңі онлайн өтіп, әлеуметтік желіде көп дауыс жинаған 26 қатысушы финалда бақ сынады.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
Бұл өз кезегінде болашақта сапалы ұрпақ тәрбиелеу үшін Абайды білетін, Абайды танитын, Абаймен өмір сүретін ұрпақ қалыптастыру үшін керек дүние ғой деп ойлаймыз.
Ақтық бәсекеде додаға түскендер өлеңді жатқа оқып, сахналық қойылым көрсетті. Абай мұрасын зерттеп, тереңінен үңілуге тырысты.
6506 әскери бөлімінің сарбазы Жұлдызбек Рамашов ақынның 50-ден аса өлеңдерін жатқа біледі. Іріктеуде іркілмеген ол көптің қолдауына ие болды.
Жұлдызбек Рамашов, 6506 әскери бөлімінің сарбазы:
Дайындық 1,5 айдың көлемінде жүргізілді. Яғни мені барлық кезекшіліктен босатып, жарысқа ерекше дайындады. Біздің мынау жарысқа дайындалатын клубымыз бар. Жарысқа дайындалып келдім.
Ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеу мақсатында қалада іргелі шаралар ұйымдастырылды. Көпшілік үшін ақын мұрасынан сырт шертетін көрме, өнерпаздардың қатысумен концерттік бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар ұсынылды.
Алдияр Айтпай
