Семейде хакім мерейтойына орай мәдени, рухани шаралар жалғасып жатыр. Мәселен бүгін Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған еліміз бен шет елден келген ғалымдар мен философтар қатысып, ұлы ойшылдың бүкіл адамзатқа арнап қалдырған мол мұрасына қатысты зерттеулері мен еңбектер жайлы айтты. Бүгін сондай-ақ облыс орталығында «Абайға тағзым» республикалық акциясы аясында Достық үйінің іргетасына капсула салынды.
Заманымыздың заңғар жазушысы - Мұхтар Әуезовтың немересі Зифа-Алуа Әуезова ғылыми-тәжірибелік конференцияға арнайы Голландиядан келген. Асылдың сынығы алыста жүрсе де шет елде қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан тұлға. Абай Құнанбайұлының мол мұрасын шет тілдерге аударып, бірнеше жылдан бері насихаттап жүр.
Зифа-Алуа Әуезова, зерттеуші-шығыстанушы:
Біз Абайдың өлеңдерін ағылшын тіліне, қарасөздерін голланд тіліне аударып, жарыққа шығардық. Еуропада жүріп, қазақ әдебиетінің ішінде бірінші кезекте Абайдың шығармашылығы мен философиясын таныстыру біз үшін аса маңызды.
Ғылыми тәжірибелік конференцияға елімізден, алыс-және жақын шет елдерден Абай әлемін зерттеп жүрген ғалымдар жиналған. Ұлыларымыздың өмір жолы мен шығармашылығын зерттеп, насихаттау арқылы, тұтас елдің өткенін саралап, болашақ жолды таңдаймыз-дейді жиынға қатысушылар.
Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Біз Абайды жан дүниемізбен, ділімізбен сезінеміз. Абайды сөзбен оқу бір басқа, көзбен көру бір басқа, ал жүрекпен түйсіну тіпті бөлек. Бір шумағын оқып, тереңіне бойласаң, біраз рухани азық аларың анық. Сондықтан қазақ елінің рухани тірегінің бір символына айналған Абай тойына сәттілік тілеймін.
Ойшылдың мерейтойына орай Семейде жаңа Достық үйінің іргетасы қаланды. Бұл мәдени нысан Маңғыстау облысының Абай еліне тартуы. Жаңа ғимарат Семейдегі «Semey Smart City» шағын ауданында салынады. Іргетасқа капсула салу салтанатына Маңғыстаудан келген қонақтар, Абай облысының басшылығы мен өңір тұрғындары қатысты.
Айрат Базенов, Достық үйіндегі ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі:
Бұл ғимарат, менің ойымша, тек кірпіштен тұрғызылған нысан емес. Ол – екі елдің жылы жүрегін жалғаған рухани достық үйі боларына сенемін. Отыз жыл бұрын Әбіш атамыз Абайдың 150 жылдық мерейтойын басы-қасында жүріп басқарса, бүгінде Абай тойы қарсаңында маңғыстаулық жұрт Абай еліне осындай үлкен тарту жасап отыр.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында облыс орталығы Семейде биыл бірнеше нысанның құрылысы басталады деп жосапарланып отыр. Спорттық, әлеуметтік ғимараттарды еліміздің әр облысы Семейге сыйға тартпақ.
Ержан Жақып
