Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Ұлттық арна ақынның туған жерінде көшпелі студиясын жасақтаған еді. Түсірілім тобы үш күн Семей қаласынан тікелей эфирде ақпарат таратса, бүгін Қарауылдан байланысқа шықты.
Қарауыл ауылындағы «Жеті қазына» республикалық фестивалінің алғашқы күні аяқталды. Бұл 180 жылдық мерейтой аясындағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі. Атауы да халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы жеті қасиетті ұғымға негізделген. Мән-маңызы жоғары байқаудың бірінші күні қалай өтті?
Жеті қазына бұл - Ер жігіт, Сұлу әйел, Ілім-білім, Қыран бүркіт, Жүйрік ат, Құмай тазы және Берен мылтық. Спорт пен руханиятты үйлестірген сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық адам қатысып жатыр. Фестиваль халқымыздың өмір салтын тереңнен таныстыратын, ұлттық мұраларымызды насихаттайтын бірегей жоба.
Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:
Президентіміз өз сөзінде айтқан болатын бұл аста төк ас беру емес. Басты мақсат – ұлтқа руханиятқа тәрбиелеу. Яғни, жас ұрпақтың бойында қазақи болмыс сіңірудегі үлкен жұмыстың негізі деп өзіміз бағалап отырмыз.
Көпшілік түске дейін «Ер жігіт», «Сұлу әйел» сайыстарын тамашалады. Ер азаматтар күш қуаты мен шығармашылық қарым қабілеттерін ортаға салса, бұрымдылар ұршық иіру, бауырсақ пісіру және ет жіліктеу бойынша сынға түсті.
Салтанат Спандиярова, Жетісу облысынан келген қатысушы:
Жетісудың намысын қорғап келген жайым бар. Өте тәрбиелік мәні зор. Шыны керек, бұл байқауға бір айдай уақыт дайындалдық. Ең қиындық туғызған ұршық иіру болды. Жаңа дәл сахнада ұршығым сынып кетті. Десе де тырыстым. Бір жағынан жеңіске жетсек те, жетпесек те мұның әр қазақ қызына пайдасы зор болды деп есептеймін.
Ал одан соң әр өңірдің саңлақтары құс ұшырып тазы жүгіртті. Шырғаға түскен сырттандардың алғырлығы көпшілікті таңдай қақтырды.
Ернұр Медет, тілші:
Қансонарда бүркітші шығады аңға,Тастан түлкі табылар аңдығанда.Бұл – ұлы Абайдың саятшылық жайлы қаузаған өлеңі. Расында, томағасын сыпырған шақта шырқау биіктен төніп келетін бүркіт қазақ үшін киелі. Ақын арқау еткен құсбегілік өнер мерейтой қарсаңында кеңінен дәріптеліп жатыр.
Ернұр Медет
