«Болашақ» халықаралық степендиясына үміткерлердің саны артып келеді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында айтылды. Биыл 981 үміткер степендияға өтінім берген. Олар тестілеу, әңгімелесу және Республикалық комиссия отырысында бағалау секілді үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Комиссия мүшелері басымдық беріліп отырған мамандықтарға ерекше назар аударды. Яғни стипендия иегерлерінің 67,7 пайызы – жаратылыстану-техникалық, ал 32,3 пайызы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша білімін жетілдіреді. Сонымен барлығы 217 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 167-і – магистратурада, 13-і докторантурада оқиды. Сондай-ақ 37 азамат әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Оңғар Алпысбайұлы
