Абайдың «Толық адам» ілімі мен қара сөздеріндегі ой-толғам жүрек пен ардың үстемдігін тең ұстап, адамзатты жақсылыққа үндейді. Белгілі Абайтанушы ғалым Жабал Шойынбет осылай дейді. Ғалым хәкімнің180 жылдығына орай шығарған «Абайдың Толық адам ілімінің негіздері» ғылыми еңбегінде хәкімнің даналығының қалыптасуын ғылыми түрде жүйелеп, Абай мұрасы, философиясын терең әрі жан-жақты зерттегенін айтып отыр.
Жабал Шойынбет, Абайтанушы ғалым:
Толық адам ілімі – бүкіл адамзат баласын жақсылыққа үндейтін ұлы ілім. Бұл ілім бізде бар. Абай өз бойына күллі қазақтың даналығын сіңіріп, соны бізге қайта ұсынды. Егер адам баласы ақыл, қайрат, жүректі тең ұстап, жүрекке бағындырса ол жақсылық жасайды.
Алматыда өткен тағылымды шараға Абай ілімін насихаттауға үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен шығармашыл жастар қатысты. Жиналғандар Абай ескерткішіне тағзым етті. Сонымен қатар, мерейтой аясында оқушылар мен студенттердің ұлы ойшылдың рухымен үндескен жыр жинағының көпшілікке таныстырылымы өтті.
Бану Нарбекова, Абай атындағы ҚАЗҰПУ академиялық қызмет жөніндегі проректоры:
«Ғылым таппай мақтанба» деген сөздің өзі – ғылымды дамыту, біліммен ұштастыру мәселесіне Абайдың ерекше мән бергенін көрсетеді. Бүгінгі студенттер де жас ұрпақты тәрбиелеуде «Толық адам» ілімін басшылыққа алуы қажет.
Айдана Қуантхан
