Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі шықты

07.08.2025

Бүгін мемлекеттік білім беру грант иегерлерінің тізімін жариялады. Конкурсқа 113 мыңға жуық талапкер құжат тапсырған.

Армандар орындалған күн. Жас түлектердің тағатын тауысқан ең маңызды сәт – білім беру гранттарының нәтижесі жарияланды. Тізімде Солтүстік Қазақстандық түлек Мәдинаның да есімі бар. 11 жыл біліп алып, тағы 11 ай ҰБТ-ға жатпай-тұрмай дайындалған талапкердің еңбегі ал ата-анасының үміті ақталды. Енді ол Астанада әлеуметтанушы мамандығын меңгеруді көздейді.

Бүгін Мәдина сияқты еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған талапкер мемлекеттік грант арқылы жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бір ғана «Серпін» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам жас тегін білім алады.

Биыл еліміз бойынша 216 мың бала мектеп бітірген. Оның 78 мыңы грантқа қол жеткізді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Сүйінші жаңалық, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылында» 60 пайыздан астам алынған гранттар инженерлік-техникалық мамандықтарға берілген. Топ-3 бағыттар ол: педагогика – 13 мың грант, ақпараттық технологиялар және ЖИ – 11 мың грант, бірақ ең үлкен инженерлік бағытта – 18 мыңнан астам грант бөлінді. Осы жылдан бастап біз сирек мамандықтарға ветеринария, энергетика, су шаруалығы саласында өңірлік квоталар енгіздік.

Бұл дегеніміз – әр өңірдің экономикасына керек, әрі тапшы мамандықтарға басымдық беріледі. Айта кету керек, гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін заңнамада белгіленген квоталар сақталады. Сондай-ақ дарынды жастарды қолдау мақсатында конкурссыз берілетін гранттар қарастырылған, олар – халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарына бұйырады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Алғаш рет мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан азаматтар үшін де 2 мыңнан астам грант бөлінді. Сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп келген соң тегін жоғары білім алуға мүмкіндігіне ие болады. Ал шекті балл жинай алмағандар немесе бейіндік пәндерін ауыстыратын түлектер тамыздың 10-ы мен 14-і аралығында ақылы түрде қайта ҰБТ тапсыра алады. Айта кету керек, биыл жоғары оқу орындарына құжат тапсыру 25 тамызға дейін жалғасады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу