«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласында бой көтерген алғашқы мектептің құрылысы аяқталды. Бұл – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Жаңа мектеп «Достық» шағын ауданында салынды. Бұған дейін осы аудандағы 500-ден аса бала қаланың әр шетіне қатынап оқыды. Небәрі бір жылда іргесі қаланған 1200 орындық білім ошағы жаңа оқу жылында алғашқы шәкірттерін қабылдайды. Мұнда екі спорт залы, акт залы, хореография бөлмесі, шеберхана, 352 орындық асхана, 45 санитарлық торап және 70 оқу сыныбы бар. Ауласында хоккей корты, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жеке есіктерден кіріп-шығады. Қауіпсіздікке баса мән берілген. Мектеп ішінде 152 бейнекамера орнатылған. Жобаның құны 6,5 миллиард теңге.
Шынар Құлбекова, мектеп директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі, ерекше білімді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін лифті орнатылған. Коуоркинг орталықтары бар. Бұл жерде балалар өз бос уақытын қамтуға мүмкіндігі бар.
Болат Аманбаев
