Енді мүгедектікті тәуелсіз сарапшылар тағайындайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді мүгедектікті тәуелсіз сарапшылар тағайындайды

06.08.2025

Елімізде мүгедектікті тағайындау кезінде бір жылда 146 жемқорлық фактісі анықталды. Мемлекеттен қаржылай көмек алу үшін «денсаулығында кінәрат бар» деп жалған анықтама жасатқандарды Қаржылық мониторинг агенттігі әшкереледі. Ал жауапты министрлік заңға қайшы әрекеттерді тоқтату үшін мүгедектікті рәсімдеуді түбегейлі онлайн форматқа көшіріп жатыр. Қандай құжат жинау керек? 

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Енді мүгедектік бұрынғыдай 4-5 айда емес, небәрі үш жұмыс күнінде рәсімделеді. Ол үшін азамат әуелі өзі тіркелген ауруханада тексерістен өтіп, денсаулығы жайында анықтама алуы керек. Сосын eGov порталындағы «Мүгедектікті айқындау» бөліміне өтіп, сол анықтама мен денсаулығына қатысты өзге де құжаттарды өтінімге тіркейді. Бұдан соң арнайы комиссия сараптамаға кіріседі. Олар өтінім жазған азаматты көрмей-ақ, eGov-қа салынған құжаттардың негізінде өтінімді қабылдау не кері қайтару жайлы шешім қабылдайды. Айта кетерлігі, қазір мүгедектікті онлайн рәсімдеу пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Яғни, әзірге бұл мүмкіндікті бәрі бірдей пайдалана алмайды. Атап айтсақ, обыр ауруынан кейін жүріп-тұра алмай қалған, қант диабетінің кесірінен, көру қабілетінен айрылған, сондай-ақ дамуында ерекшелігі бар науқастар ғана онлайн өтінім жаза алады.

Мүгедектікті онлайн рәсімдегендердің бірі – ауылда тұрып жатқан Оксана Ысқақова. Оның бес жасар аутист қызы өзі жүріп-тұра алмайды. Енді ғана қадам басып жүр.

Оксана Ысқақова, Жалтыр ауылының тұрғыны:

Дамуында ерекшелігі бар баладан мұндай белгілер анықталса, мүгедектік тағайындалады. Онлайн болмағанда медициналық сараптама алу үшін қызымды алып, 400 шақырым жердегі облыс орталығына баруға тура келетін еді. Аутист баламен ұзақ жолға шығып, медициналық сараптама орталығында ұзын-сонар кезекте тұру да оңай емес. Құжаттарды онлайн рәсімдеу ыңғайлы. Жолға кететін ақша да, уақыт та үнемделеді.

Тағы бір айта кетерлігі, мүгедектікті онлайн тағайындауға енді тәуелсіз сарапшылар қатысады. Бұрын бұл міндетті халық арасында «ВТЭК» деп аталатын мединалық-әлеуметтік сараптама бөлімі атқаратын. Жаңа ережеге сәйкес, комиссия құрамында сол сараптама бөлімінен екі маман және тәуелсіз сарапшы ретінде бір дәрігер болады. Жемқорлыққа жол бермеу үшін олар әртүрлі өңірлерден конкурс негізінде іріктелген. Яғни, бір-бірін танымайды.

Жасұлан Ұлмесеков, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

Тәуелсіз сарапшы дегеніміз кім? Бұл жұмыс істеп жүрген тәжірибелі дәрігерлер. Оларға қойылатын талаптар келесідей: біріншіден, бұл жоғары медициналық білімі, сосын денсаулық сақтау саласында сертификатының болуы, медициналық сараптамаға қажет сараптаманың болуы.

Комиссия мүшелері мүгедектікті рәсімдеуге онлайн өтінім жазған азаматтың аты-жөні мен ЖСН нөмірін көрмейді. Тек денсаулығы жайында ақпараттарға сүйеніп, бір-бірімен ақылдаспай, әрқайсысы өз алдына шешім шығарады. Бұл да бармақ басты, көз қысты әрекеттерді тоқтату үшін жасалып отыр. Егер комиссия құрамындағы 3 сарапшы әртүрлі шешім шығарса, мүгедектік онлайн емес, бұрынғыдай медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде тағайындалады. Бірақ министрлік мұндай жағдайлар сирек кездеседі дейді.

Жанел Нұрболатқызы


Хабарламаларға жазылу