Абай облысында «Өлең сөздің патшасы» ақындар мүшәйрасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында «Өлең сөздің патшасы» ақындар мүшәйрасы өтті

06.08.2025

Ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Өлең сөздің патшасы» халықаралық ақындар мүшәйрасы өтті. Абайдың рухани әлемін заманауи поэзия тілімен өрнектеу, жастарға үлгі-өнеге беруді көздейтін тағылымды шараға 80 нен астам қатысушы өз шығармаларын ұсынған. Бүгін әділқазы алқасы олардың үздіктерін бағалап, ақын мерейтойының марапатын ұсынды. 

Ұлы ақын мерейтойына арнап ұйымдастырылған мүшәйраның жөні бөлек, дейді жыр жампоздары. Қиыннан қиыстырып, сөзден маржан терген 80 ақынның шығармалары алдын ала іріктелген. Ақындар Абай тақырыбы, лирика, бүгінгі күннің өзекті мәселесін жыр етті. 

Дәурен Тілеуханұлы, ақын:

Абайдың тойы - руханияттың, әдебиеттің тойы. Киелі топыраққа тигеннің өзі үлкен мәртебе. Абайға өлең жазу ауыр болды. Оның ішінде жаңа ғасыр поэзиясы, жастар Абайды қалай түсінеді, қалай жеткізеді оқырманға. Абайдың қазіргі жаңа заманмен үндескен бейнесін қалай жеткіземіз. Сол басты мақсатымыз болды.

Шығармашылық бәйге Семей қаласының әкімдігі, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ҚР Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өтті. Мүшәйраға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген ақындар да қатысқан. Олар өз шығармалары арқылы Абай әлеміне бойлап, қазақ поэзиясының көркемдігін жаңаша жеткізуге талпынған. 

Серікзат Дүйсенғазин, әділқазы мүшесі:

Талантты жастар бар. Қуанамыз. Қазақ халқы бар кезде, күннің сәулесі жарқырап тұрған кезде қазақ поэзиясы да жасампаздығын жалғастыра береді. Поэзиямыз, әдебиетіміз, әлемдік деңгейдегі әдебиеттің ешқайсынан кем емес. Соны жалғастыратын буын өсіп келе жатыр.

Жыр кешінде ұлы ақынға арналған үздік шығармалар сахнадан оқылды. Мүшайра арқылы Абай мұрасына деген құрметті арттырып, қазақ поэзисына серпін беру-мақсат. Байқауға қатысып, ұлы ақынға жыр арнап, дара шыққандар марапатқа ие болды. 

 Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу