Бүгін Израильдің министрлер кабинеті Газа секторын 20 жылдан бері алғаш рет толық басып алу жоспарын мақұлдауы мүмкін. Мұны жергілікті телеарна хабарлады. Айта кетсек, Газада 22 айға созылған «ХАМАС-Израиль» соғысын тоқтату туралы келіссөздері сәтсіздікке ұшырап, палестиналық анклав қазір ашаршылыққа душар болды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Газаға күніне 600 жүк машинасы енуі керек. Бірақ Израильдің блокадасы мен әскери операцияларының кесірінен бұл аймаққа мұндай жәрдемді толық кіргізу мүмкін болмай отыр.
Куәгерлердің, халықаралық ұйымдардың және Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, әскерилер көмек тарататын орталықтарға ағылған палестиналықтарға оқ жаудырып, мамырдан бері жүздеген адамды мерт қылған. Алайда Израиль армиясы бұл мәліметті жоққа шығарып, оқты ескерту ретінде атқанын алға тартып келеді. Осындай қауіп салдарынан кейбір палестиналықтар бір қап ұнға әрең қол жеткізіп жатыр.
Юсеф Әбу Мор, Газа секторының тұрғыны:
Мен балаларыма бір қап ұн ала алмай жүрмін. Осы жерге жеті шақырым жерден келдім, бірақ екі аптадан асты, құр қол қайтуға мәжбүрмін. Екі машина жүк әкеледі. Ол жәрдем бәріне жетпейді. Халықаралық ұйымдар көмектессе екен. Мүсәпір күйге түстік, оның үстіне қантөгіс тоқтар емес.
Газадағы соғыс 2023 жылы ХАМАС-тықтар Израильдің оңтүстігінде 1200 адамды өлтіріп, 251 тұрғынды кепілге алғаннан кейін басталды. Содан бері Израиль палестиналық секторда әскери операциялар жүргізіп, 60 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Сол құрбандардың ішінде әйелдер мен балалар бар.
Арыстан Рысбек
