Қ.Тоқаев: Құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ.Тоқаев: Құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі

05.08.2025

Болашақта құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өтіп жатқан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында осындай мәлімдеме жасады. Қазақстанда көлік-логистика саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, әріптестерін ірі жобаларды бірлесе атқаруға шақырды.

Қазақстан Президентін Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

Әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов аз-кем әңгімелесіп, екі ел ынтымақтастығы өркендеп, қарқын ала түскенін атап өтті.

Ал бұл «Аваза» конгресс-орталығы. Президент Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысушыларды ресми қарсы алу рәсіміне келді. Негізгі жиын басталмай тұрып, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі өтті. Басқосуда аймақ елдері ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Ал, Негізгі конференция өтетін «Аваза» спорт кешенінде Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қарсы алды.

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясы Қазақстанда өткен. Яғни, еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Бұл санатқа әлем бойынша барлығы жарты миллиардтан астам тұрғыны бар 32 дамушы мемлекет жатқызылады. Көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс.

Қазіргі кезде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді. Яғни, географиялық мүмкіндік шектеулі болса да қолда барды жүйелі пайдалана білген жөн. Қазақстанның тәжірибесі бұған айқын дәлдел.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Орта дәліз және «Солтүстік – Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – темір жолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейім екенін растады. Сондай-ақ жиын қатысушыларын келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу