Әлемнің бірнеше елінде төпелеп жауған жауын соңы алапат тасқынға ұласты. Су апатынан Үндістан, Тайвань, Гвинея сияқты елдер айтарлықтай зардап шекті. Ал Австралияда қыс түсіп, кейбір аудандарды ақ мамық қар басқан.
Тайванның оңтүстігінде төпелеп жауған жаңбырдан су тасып, лай көшіп жатыр. Табиғи апаттан төрт адам қаза тауып, 5900-ден астамы қауіпсіз жерге көшірілді. Тағы үш тұрғын іздестіріліп жатса, 77 тайвандық жараланған.
Жаңбыр бүгін саябырсиды деген болжам бар. Бірақ таулы аудандарда лай көшкіні қаупі әлі сейілген жоқ. Қазір су басқан елді мекендерде құтқару операциялары жалғасып жатыр. Жергілікті метеорологтардың мәліметінше, бір күнде бір жылдың жауыны түсті. Сондықтан жолдар жабылып, кейбір ауылдарға жету қиынға соғып отыр.
Азияның оңтүстігінде ойыссақ. Үндістанның солтүстігі мен шығысында да осыған ұқсас жағдай. Уттар-Прадеш штатының Варанаси қаласында халық тура мағынасында белуардан су кешіп жүр. Бірақ маусым айында басталып, қыркүйекте аяқталатын муссон жауындарының Үндістанның 4 триллион долларлық экономикасы үшін пайдасы өте зор. Себебі осы кезеңде түсетін ылғал бұл елдің ауылшаруашылығы мен резервуарларының 70 пайызын сумен қамтамасыз етеді екен.
Ал мына кадрлар Африканың батысында, дәлірек айтсақ, Гвинеяда түсірілді. Бұл мемлекеттің астанасы Конакриде жаңбыр маусым айының соңында басталып, 15 адамның өліміне себеп болған. Бұған қоса, талай жол мен көпір қирады. Қазір лай көшкінінен қауіп төніп тұр. Сондықтан кейбір аудандардың халқын эвакуациялау жоспарланып отыр.
Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэлс штатында қар борап, кейбір елді мекендерді ақ мамық басты. Бірақ кенеттен жеткен қыс жергілікті халықты қуантпаса, қайғыртқан жоқ. Тұрғындар далаға шығып, бір-біріне қар атты. Кейбіреулер өмірінде қарды алғаш рет көру үшін осы штатқа арнайы барды. Дегенмен, жолдарда көлік қатынасы қиындаған. Мұны осы аймақтың төтенше жағдайлар қызметі хабарлап отыр. Оның дерегінше, өткен тәуліктен жүзден астам жүргізуші құтқарушылардан көмек сұраған.
Арыстан Рысбек
