Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай онкүндік жалғасып жатыр. Мерейтойдың екінші күні 180 команда қатысқан республикалық зияткерлер сайысы КИнЭС рекордына енуі мүмкін. Ал кеше ғана салтанатты түрде ашылған этноауылда спорттық бәсекелер, концерттік бағдарламалар мен театрландырылған көріністер көпшіліке ұсынылды. Сондай-ақ Түркістан облысының мәдени күндері басталды.
Абай тойына түркістандықтардың жасаған тартуы. Мыңдаған шақырымды артқа тастап тонналаған ауылшаруашылық өнімдерін артынып -тартынған керуен Семейге жеткен. Оңтүстіктің табиғи таза өнімінен дәм татуға көпшілік таңмен таласа келді.
Сағдат Сыздықбаева, Семей қаласының тұрғыны:
Бағасы өте арзан, алыстан келген халыққа да қолайлы деп ойлаймын. Өте ризамыз. Кеше концертте болдық, өз жерлестерімізді көрдік. Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева қандай керемет ықыластарын көрсетті. Біз өте риза болдық.
Жәрмеңкемен қатар, қолөнершілер қазақтың бай мұрасын көрмеде таныстырды. Оңтүстіктен келген өнерпаздарының өнерін Семей жұртшылығы екі күн бойы ашық аспан астында тамашалайтын болады.
Ал ақынның 180 жылдығы құрметіне 180 команда қатысқан «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны, елімізде алғаш рет өткен алғашқы ауқымды білгірлер бәсекесі. Оны республикалық рекордтар кітабына тіркеуге өтінім берілген. Сайыс Абай мұрасын жаңаша форматта насихаттап, қазақ тіліндегі зияткерлік ойындарды ілгерілетуді көздейді. Республиканың 10 өңірінен жиналған ойыншылардың үздіктеріне қомақты сый да бар.
Жанна Өмірбекқызы, сайысқа қатысушы:
Дайындыққа барынша күш салдық. Бірақ Әуезов атамыз бүкіл ғұмырын арнаса да толық зерттеп үлгермеген хакім Абайды қысқа уақытта оқып-тоқып шығу көп еңбекті талап етеді. Дегенмен, шамамыз келгенше дайындалып келдік.
Олжас Бейсенбаев, облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы:
Бұл 7 кезеңдегі сауалдардың барлығы Абайдың өмірі мен шығармашылығына, отбасы мен әулетіне, сондай-ақ «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкерлерге қатысты. Сонымен бірге әлемде Абайға орнатылған ескерткіштер мен голографиялық тың деректер де қамтылады. Мұны ауқымды іс-шара деп айтуға болады.
Ал Түйемойнақ аралында кеше ғана ашылған этноауылға келушілер толастаған жоқ. Онда бүгіннен спорттық бәсекелер басталып, өнерпаздар көпшілкке концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Ержан Жақып
