Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай мерекелер онкүндігі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай мерекелер онкүндігі басталды

01.08.2025

Бүгін ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай облысында мерекелер онкүндігі басталды. Елдің рухани тұтастығын паш ететін ерекше шаралардың бірқатары Семейде бастау алды. Он күн бойы өңірде рухани мәні зор мәдени-әдеби кештер өтеді. Адамзаттың алыбы атанған ғұламаның туған топырағында мерейтой шымылдығы қалай ашылды, өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып тарқатсын.

Ұлы ақынның мерейтойы Семейде «ABAI AKADEMIYASY» энциклопедиялық порталының ресми таныстырылымымен басталды. Абайға арналған алғашқы энциклопедиялық портал, ақын мұраларын кеңінен насихаттауды көздейді. Онда ойшылдың барлық шығармалары, қолжазбалары, аудармалары, ақын туралы жазылған әдеби-ғылыми-танымдық еңбектер мен естеліктері жинақталған.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Абай арқылы қазақ халқы жаңа ой көкжиегіне көтерілді. Ол халқымыздың әлемге қосар үлесі мен философиялық тұжырымдарының терең екенін көрсетті. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Абай – тағдырдың бізге сыйлаған сом алтыны» еді.

Абай мерейтойының алғашқы күні Түйемойнақ аралында этноауылдың ашылуы болды. Оннан астам кигіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүр дәріптелді. «Асыл мұра» атты қолөнер шеберлерінің фестивалі ұйымдастырылды. Жергілікті этнодизайнер Абай тойына ерекше сый дайындаған. 1940 жылдары Семейдегі өлкетану музейіне өткізілген, ақынның кісе белбеуінің тура көшірмесін жасапты.

Сәкен Назархан, қолөнер шебері:

Түпнұсқаның кей жерлері тозған. Мен бұл көшірмені болашақ жастар мен халық сол дәуірді көз алдына елестете алсын деп жасадым. Абайдың 180 жылдығына орай оны мұражайға сыйға тартқым келеді.

Талымал суретші, Аңсаған Мұстафа да орталық алаңда ақын мерейтойына арнаған көрмесін таныстырды. Талант иесі 50-ден астам туындысында ойшылдың шығармашылығын, айтқан өсиеттерін заманауи сурет арқылы сөйлеткен.

Аңсаған Мұстафа, суретші:

Бұл жерде Абай атамыздың қара сөздеріне арналған, соларды оқып түйген ойымнан туған суреттер қойылған. Онда адамдардың жалқаулығы, әлеуметтік мәселелер, өмірге бей-жай қарайтындар бейнеленген. Кішкентай болса да – ескерту, Абай сөздерін еске салу.

Абай тойының алғашқы күні «Адамзаттың алыбы - хакім Абай» атты мерейтойлық концертпен түйінделді. Онкүндік барысында республикалық ақындар айтысы, халықаралық ақындар фестивалі өтеді. Бірнеше кітаптың тұсауы кесіліп, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады. Мерейтой ойшылдың кіндік қаны тамған Қарауылда 10 тамызда түйінделеді.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу