Бокстан Таиландта өтіп жатқан жастар арасындағы Азия біріншілігі Ұлттық құрама үшін сәтті басталды. Турнирдің алғашқы күні шаршы алаңға 19 жасқа дейінгі қыздар шықты. 48 келіде жұдырықтасып жатқан Диана Серікбаева алғашқы жекпе-жегінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Отандасымыз оңтүстіккореялық қарсыласын бірінші раунда екі рет нокдаунға түсірді. Содан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатып, Диананы жеңімпаз деп жариялады. Жеңісті жолды 51 келідегі Айым Тәнкібаева, 54 келі салмақтағы Жанель Имантаева мен 57 келідегі Айжан Ермек жалғады. Ал, ерлерден 50 келідегі Әділ Асқанбай жарыс жолынан шығып қалды. Ол кореялық боксшыға жол берді. Айта кетейік, бұл Азия чемпионаты World Boxing ұйымы ұйымдастырған алғашқы құрлықтық турнир.
Асылбек Данияр
