Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай мерекелер онкүндігі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай мерекелер онкүндігі басталды

01.08.2025

Бүгін ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай облысында мерекелер онкүндігі басталды. Алғашқы күні тойдың шымылдығы немен ашылды, елдің рухани тұтастығын паш ететін ерекше шара қалай ұйымдастырылып жатыр?

Ержан Жақып, тілші:

Халықтың көңілі көтеріңкі. Тойдың шымылдығы Семейде «ABAI AKADEMIYASY» энциклопедиялық порталының ресми таныстырылымымен басталды. Абайға арналған алғашқы энциклопедиялық портал, әсіресе, ақын мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттауды көздейді. Онда Абайдың барлық шығармалары, қолжазбалары, аудармалары, ақын туралы жазылған әдеби-ғылыми-танымдық еңбектер мен естеліктердің бәрі жинақталған.

Онкүндік барысында республикалық ақындар айтысы, халықаралық ақындар фестивалі өтеді. Бірнеше кітаптың тұсауы кесіліп, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтеді. Мерейтой ойшылдың кіндік қаны тамған жер Қарауылда 10 тамызда түйінделеді. Мәселен, бүгін таңнан бері Семейде бірнеше мәдени шара өтті. Түйемойнақ аралында этноауыл ашылды. Онда 10-нан астам қазақы үй тігіліп, көпшілікке салт-дәстүрәміз паш етілді. Өңірдегі шеберлердің қатысуымен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Этноауыл 10 күн бой үздіксіз жұмыс істейді, күнделікті ашық аспан астында спорттық сайыстар өтеді.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу