Канада Палестина мемлекетін қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында мойындамақ. Канада премьер-министрі Марк Карни осылай деп мәлімдеді. Үкімет басшысы екі мемлекет қағидасы, яғни Израильмен бірге бейбіт өмір сүретін, тәуелсіз, өміршең және егемен Палестина мемлекетінің құрылуына қолдау білдірді.
Марк Карни, Канада премьер-министрі:
Бейбіт халықтың тереңдеп жатқан қайғы-қасіреті бейбітшілікті, адам өмірінің қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін қолдауға бағытталған ортақ халықаралық іс-қимылды кідірмей бастауды қажет етеді. Екі мемлекет шешімін терроризм мен зорлық-зомбылыққа қарсы шығып, бейбітшілікті қалайтын адамдар қолдайды.
Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайтын мемлекеттер қатары артып жатыр. Бүгінде бұл шешімді БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің 145-і қолдаған. Ал жақында Франция бастаған Батыстың 15 елі Палестина мемлекетін мойындау туралы үндеу жазылған ортақ мәлімдеме таратты. Жуырда Ұлыбритания да бұған қатысты пікір білдірді. Премьер-министрі Кир Стармер Израиль қыркүйекке дейін атысты тоқтатпаса, корольдік Палестина мемлекетін мойындауға дайын екенін мәлімдеді.
Арай Төлегенқызы
