Павлодар облысында жиырмаға жуық елді мекен өркениеттен қалыс қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында жиырмаға жуық елді мекен өркениеттен қалыс қалған

30.07.2025

Павлодар облысында 7 ауылда интернет жоқ. Ал 10 елді мекеннің тұрғындары ұялы телефонды қажет етпейді. Себебі, байланыс жоқ. Қызығы сол, бұлардың бәрі шалғайда емес, кейбірі қаланың етегінде отыр. Тақырыпты тілшіміз зерделеп көрді.

Бұл – қаладан 40 шақырым жердегі Жаңақала ауылы. Тұрғындар кейде көрші ауылдан келіп тұрған әлсіз сигналды қуалап автобанға шығып кетеді екен. Етіміз үйреніп кетті дейді.

Дина Аманжолова, Жаңақала ауылының тұрғыны:

Біздің ауыл – Жаңақала ауылы Павлодар қаласынан 40 шақырым жерде ғана тұрамыз. 200 мың км емес тиіп тұрған Павлодар қаласы. Соған қарамастан бізге айтуға ұят бізде байланыс нашар. Бәлен жыл бізде интернет мобилдік байланыс мүлде істемейді.

Жаңақалада 600-ден астам адам тұрады. Ұялы телефонға арналған толқын таратқыш мүлдем болмаған. Ал Набережное ауылына биыл көктемде 6 млн теңгеге биіктігі 24 метрге жететін қондырғы орнатқан. Содан бері үш ай өтті. Қабылдағыш әлі іске қосылмаған.

Талғат Бланкин, ауылдық округ әкімі:

Құрылым іске қосылуға дайын. Әкімшілік тарапынан барлық құжаттар рәсімделген. Келісім шарт Altel, Beeline, Kcell проводайлермен жасалған. Енді ең қорытынды мәселе бұл ескі антеналық мачтадан жаңа антеналық мачтаға құрылғыларын ауыстыру сол ғана жұмыстар қалды.

Павлодар ауданына қарасты бұл екі ауылда қағаз жүзінде интернет те, ұялы байланыс та бар деп көрсетілген. Екібастұз, Баянауыл, Ертіс аудандарына қарасты басқа 10 ауыл өте шалғайда орналасқан. Ғаламтор көрмеген жеті ауыл Баянауылға қарайды. Тұрғындар саны аз болған соң ол жаққа байланыс операторлары шығынданғылары келмейді.

Ағыбай Әмрин, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

Биылғы жылы министрлікпен және Жусан мобайл компаниясымен келісім бойынша 13 елді мекенге кішігірім соның ішінде елді мекендерге байланыс тартылады. УАНФ технологиясы бойынша төменгі орбиталдық байланыс. Бұл жерде неге спутниктік байналыс қолданып отыр? Өйткені ол ауылдарда инфрақұрылым мүлдем жоқ.

Интернет және байланыстың болмауы техникалық мүмкіндікке немесе ауылдардың алыс болғандығынан ғана емес екен. Масқарасы сол, жауапты шенділер салаға бөлінген қаржыға ауыз салған. Ауылдық жерлерде және қоғамдық орындарда WIFI орнатуға бөлінген 110 млн теңгені жоқ қылған.

Әділ Жұмабеков, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:

Прокурорлық тексеру кезінде анықталғаны ешқандай елді мекендерде тегін интернет орнатылмаған. Яғни халыққа бөлінген ақша ол мердігерге кетті деп есептеуге болады.

Бұдан бөлек өңірдегі 42 мектепте интернет бірде бар, бірде жоқ. Олар жаңа оқу жылына дейін Starlink жүйесіне қосылады, деп сендірді жауапты тұлғалар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу